26.10.2016, 12:43
Оқылды: 53

Ауыр қылмыс азайған

Сейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында «Жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстық ахуалды қалыпта ұстау бағытында атқарған жұмыстарының барысы» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті.

Жиында БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин тақырыпқа сай баяндама жасап, журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Манарбек Серікқалиұлының айтуынша, Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері  көшеде және басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Жергілікті полиция қызметкерлерін өзге функцияларды орындаудан босатудың нәтижесінде кейбір жұмыс көрсеткіштері елеулі түрде жақсарған. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының жеке іздестіруімен ашылған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға (1631-ден 1852-ге дейін), патрульдік жасақтардың қатысуымен ашылған қылмыстардың саны 23,1 пайызға (1466-дан 1805-ке дейін) артқан.

Қылмыстың жалпы саны өскеніне қарамастан оң нәтиже ретінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің саны 22,9 пайызға төмендегенін атап кеткен жөн. Оның ашылуы 88,1 пайызды құрап, республика бойынша СҚО-дан кейін екінші болып тұр. Қылмыстардың тіркелуі бойынша бұзақылық 28,1 пайызға, тонау саны 11,1 пайызға төмендеген.

Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттерінің аумағына «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бейнебақылау камералары орнатылса, ағымдағы жылы облыс орталығына қосымша 172 бейнебақылау камераларын орнату туралы тапсырыс өз қолдауын тапқан. Жергілікті полиция қызметінің басшылығы тарапынан ауылдық округтерге бару арқылы жеке азаматтарды қабылдау іске асырылады. Жыл басынан бері облыстың жергілікті полиция қызметі бастығының қабылдауында түрлі мәселелер бойынша 72 азамат болған. Ауылдық жерлерге бару арқылы азаматтарды қабылдау болашақта да жалғасын таба бермек.

Нұртас Набиоллаұлы

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале