Шыңғырлау ауданында «Қаладан – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы шаралар өз жалғасын тауып жатыр. Бұған дейін Ақбұлақ ауылдық округіндегі ауылға қоныс аударып, өз тірлігін жасап жатқан отбасылар туралы айтқан болатынбыз.
Енді міне, Ащысай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында да осы үрдіс көрініс тауып отыр. Күз басталар шамада Амангелдіге осы бағдарлама аясында Қадырбек Төлеуқұловтың отбасы көшіп келген-ді. Ауыл әкімшілігі мен жергілікті тұрғындар оларды жатсынбай қарсы алып, қолдан келген бар жағдайды жасау үстінде.
Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі арқылы отбасы ауылдағы бос тұрған үйге орналастырылды. Үй иесіне ауылда салынып жатқан жаңа пәтер ұсынылғанымен отбасы мүшелері өздері ұнатқан қонысты қолайлы көріп, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын ыңғайлап жатқан жайлары бар.
Қадырбектің өзі Амангелді негізгі орта білім беретін мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірісіп кетсе, зайыбы Анар Сүйінішова ауылдағы мектепте оператор болып жұмыс жасауда. Отбасындағы бес бала да жылы да кең үйге қоныстанғандарына қуанулы, мектеп те қол созым жерде.
Көпбалалы Төлеуқұловтар отбасына жуырда ауылдық округтің депутаты Серік Шалабаевтың тікелей мұрындық болуымен 5 ұсақ мүйізді жандық табыс етілді. Округ депутаты осы малды қыстан аман-есен алып шығару үшін10 тай шөбін де жеткізіп берді. Ал ауыл әкімі Ж.Айсиев осы жандыққа қосымша азықты молынан жасақтау мақсатында «Жаңа жер» ШҚ-мен жем түсіріп беру мақсатында келіссөз жүргізуде.
«Жақында Қадырбек Төлеуқұловтың үйде жарықтың бірде жанып, бірде өшіп қолайсыздық тудырып тұрғанын айтқан уәжінен соң ауылдық округтің мамандары 500 метр электр өткізгіш сымды ала барып, тұрақты жарық көзіне қосып қайтты. Алдағы уақытта қандай да бір шешілмей жатқан мәселелер болса қолұшымызды беруге әзірміз», - дейді Ащысай ауылдық округінің бас маманы Жарас Берікқалиұлы.
Жан-жақтан шынайы қамқорлықты сезініп, қолдау көріп отырған Төлеуқұловтар отбасы ауылдағы бүгінгі тірліктеріне разы, әлі де ойланып жүрген жандарға ауылдағы өмірдің қаладан еш кемдігі жоқтығын алға тартады.
Гүлшат Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы