Мемлекет саясатының басты ұстанымдарының бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі. Яғни, мемлекет тілі мемлекет ішінде толық қолданылуы керек. Әрине, бұл тұрғыда зайырлы мемлекетіміз өзге тілдерге де ресми дәреже бергенімен, негізгі мемлекет құраушы халық тіліне басымдық беріледі.
Осы орайда Шыңғырлау ауданындағы мемлекеттік тілді қолданудың жай-күйін екшеу бағытында аудан кәсіпкерлерін жинаған жиын өтті. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев кәсіпкерлік нысандардың, сауда орындары мен шағын, орта бизнес нүктелерінің халықтың көп жиналатын орны, бұл жерлерде мемлекеттік тілінің насихатталуы да басым болуы керектігін ескертті.
Жалпы тіл туралы түсінік, мемлекет тіл саясатын насихаттау осындай тұрғындардың көп тоқайласатын орындардан бастау алуы тиіс.
Нысан атаулары, жарнамалар, азық-түліктер мен құрал-жабдықтардың қазақ тілінде жазылуына басымдық берілуі керек.
Бұл тұрғыда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов бандама жасап, ауданымыздағы мемлекеттік тіл жайын ортаға салды.
Бүгінгі таңдағы онлайн-сауалнама зертеулерінің мәліметтері бойынша ауданымыздағы мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, жазатын және оқи алатындар 95 пайызды құрайды. Жалпы тұрғындар санына шаққанда 14,6 пайызы үш тілді ( қазақ, орыс, ағылшын) тілін меңгерген, 82 пайызы орыс тілін біледі. Тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мекеме-ұжымдарға, қоғамдық орындарға рейдтерге шығып тіл заңдылықтарының сақталуын қадағалау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Мұндай рейдтер, әсіресе, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік емес ұйымдардың, кәсіпкерлердің, сауда орындары мен оның аумағындағы мемлекеттік тіл Заңының 21-бабы талаптарының сақталуын бақылау мақсатында жүргізіледі. Тіл туралы Заңның 21-бабы деректемелер мен көрнекі ақпарат тілінің сақталуын көздейді. Мемлекеттік органдардың мөрлері, мөртабандар мен бланкілер, атаулары мемлекеттік тілде, және қажеттілігіне қарай ресми тілде жазылады. Бланкілер мен мекеме маңдайшалары да мемлекеттік тілде және қажеттілігіне орай ресми тілде жазылады.
Осы заңдылықтардың сақталмауы туралы әлеуметтік желілерден түрлі ақпараттар көріп- білуге болады. Осындайлардың ауданымызда орын алмауы тұрғысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, жергілікті округ әкімшілігімен бірлесе жұмыстанып отыр.
Біле жүрген дұрыс, деректемелер мен көрнекі ақпараттар (маңдайшалар, баннерлер, бланкілер, хабарландырулар мен жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері мен БКМ чектері және т.б) мынадай ретпен: мемлекеттік тілде- сол жағына немесе жоғарғы жағына, ал орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттілігіне қарай бұл ақпараттар қосымша басқа тілдерге де аударылуы мүмкін.
Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан кез келген сауда чектері, түбіртектер де қазақша шығарылуы тиісті. Сіз өз кәсібіңізде түбіртек аппаратын (чековый аппарат) қай жерден алсаңыз, аппаратқа қазақ тілін тегін сол алған жерден енгізіп алуыңызға болады.
Осы тұста, ҚР-ның «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабын да түсіндіре кеткен жөн болар, лауазымды адамның тілді білмеуі сылтау етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәні бойынша қарамауы – ескерту жасауға, сондай-ақ 10 АЕК мөлшерінде (36920 тг) айыппұл салуға соғады.
Осындай әкімшілік жазадан кейін бұл жағдай тағы қайталанатын айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке өседі (73840 тг). Деректемелер мен көрнекі ақпараттарды орналастыру талаптарын бұзғандарға ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда лауазымда адамдарға. Шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 10, ірі кәсіпкерліктерге – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеу, тілдік белгілері бойынша кемсіту лауазымды адамдарға – 10 АЕК, қайталанған жағдайда – 20 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.
Тіл – тәуелсіздіктің белгісі, мемлекет құндылығы, елдіктің төлқұжаты іспетті аса қымбат қазына. Сондықтан, тіл әрқашан құрметтелуі, мемлекет шегінде құрметпен қолданылуы тиіс.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы