28.11.2024, 10:15
Оқылды: 18

«Хамза шығармашылығы балалар көзімен»: Оралда танымдық конференция өтті

Қазақстан Жазушылар одағына – 90 жыл

3cc55f48-4b0d-47e1-b216-062b3908ed39

Жақында Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Хамза Есенжанов шығармалары – ұлттық құндылық көзі» тақырыбында танымдық конференция өтті. Бұл конференция белгілі қаламгердің өмірі мен шығармашылығын ардақтауға, оның көркем туындыларын ауқымды түрде насихаттауға бағытталған.

Жалпы, аталған кітапхана ұжымы бүгінге дейін Хамза шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында көптеген жобаны жүзеге асырды. Жуырда «Хамза шығармашылығы балалар көзімен» атты облыстық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауын жариялады. Байқау тапсырмасы бойынша 14-17 жас аралығындағы оқушылар жазушының кітаптарын оқып, зерттеу жүргізіп, ізденді. «Ақ Жайық» трилогиясындағы өлке тарихы  туралы мәліметтерді арқау етіп, аудандардағы кітапханашылар өлке тарихы, табиғаты, мәдение­ті туралы материалдар дайындады. Соның нәтижесінде «Айдынды, айбынды Ақ Жайық» атты анықтамалық жинақ құрастырылды.

– Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Хамза Есенжановтың 115 жылдығы 2023 жылы республика көлемінде тойланды. Жазушы есімін елге таныту, әдеби мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау – басты міндетіміз. Сол себепті жылма-жыл қаламгердің көркем туындыларын жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге тиіспіз. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде Хамза Есенжанов шығармаларының маңызы зор. «Айбынды, айдынды Ақ Жайық» анықтамалық жинағының жарыққа шығуы көңілге қуаныш ұялатты. Бұл жинақты құрастырып, оқырманға ұсынған кітапхана қызметкерлеріне алғы­­сымыз шексіз. Жазушы тұлғасын, болмыс-бітімін оқырман қауымға жарқырата көрсетіп, мәнді-мағыналы іс-шараларды көптеп ұйымдастыруымыз қажет. «Хамза шығармашылығы ба-лалар көзімен» атты облыстық байқауға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген жас өрендерге сәттілік тілеймін. Бұл байқаудың мақсаты – оқушыларды патриоттыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, жеткіншектерді өлке тарихы туралы кітаптарды оқуға дағдыландыру, – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов аталған байқау жүлдегерлерін марапаттады.

8ae77e41-8c7a-4f1b-8de8-696fe657f0ae

Бұл байқауда бас жүлдені Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Айлана Аманғали («Хамза Есенжановтың «Жайын ілерде» әңгімесіндегі әке концептісі») жеңіп алды. 1-орынды аталған білім ошағының 9-сынып оқушысы Гүлім Тілепберген («Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы кейіпкерлердің әдеби және тарихи бейнелері») иеленді. 2-орынға Теректі ауданы Сарыөмір ауылында, яғни, жазушының туған жерінде орналасқан Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Аяжан Қадырғали («Хамза Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» дилогиясындағы Құныскерей бейнесі») тұрақтады. 3-орынды Сарыөмірдегі Хамза мектебінің 8сынып оқушысы Айтолқын Рысқали («Хамза Есенжанов шығармаларының тәрбиелік мәні») мен аталған мектептің 9-сынып оқушысы Бибіфатима Сапарбай («Хамза Есенжановтың «Сәдубек Найман» тарихи трагедиясы») еншіледі. Бірқатар қатысушы «Жас хамзатанушы» аталымының иегері атанды.

Іс-шара барысында «Айбын­ды, айдынды Ақ Жайық» анықтамалық жинағының құрастырылуына атсалысқан кітапхана ұжымдары да марапатталды. Оларға дипломдар, бағалы сыйлықтар берілді. Аудандардағы кітапханалардың бәрі осы игі іс­тің басы-қасынан табылған. Іс-шара жүргізушілері кітапхана ұжымдары атқарған жұмыстар жайында айта келе, белсенділік танытып, зерттеумен жүйелі түрде шұғылданған Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарындағы кітапхана мамандарына ерекше алғыс білдірді.

Танымдық конференцияға ға­лымдар, қаламгерлер, өлкетанушылар, жоғары оқу орнының оқытушылары, тарихшылар, ма­гистрлер, студенттер және кітапхана қызметкерлері қатысты. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков Хамза Есенжановтың шығармашылығы, тұлғалық болмысы, ерекше қасиеттері туралы сөз өрбітті. Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Хамза Есен­жановтың келіні Дина Есенжан онлайн байланысқа шығып, жазушы шығармашылығын дәріптеушілерге ризашылығын біл­дірді. Хамзатанушы Сайлау Сүлейменов бүгінгі мен кешегіні, жас пен кәріні рухани тұрғыда байланыстыратын осындай іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуы керек екенін тілге тиек етті.

Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған  профессор Айгүл Раманова «Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы фразеологизм­дер» тақырыбында әңгіме өр­бітті. М. Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан университеті филология факультетінің оқыту­шы­сы, педагогика ғылымдары­ның  магистрі Жангүлім Мұханбе­това  Хамза Есенжановтың әң­гіме-по­вестерінің идеялық-маз­мұндық  ерекшеліктеріне тоқталды. Филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Ақтоты Бекмашева «Ақ Жайық» трилогиясы тілінің прагматикасы» тақырыбында баяндама оқыды. Конференцияның басқа да қатысушылары сөз алып, жазушы шығармашылығын жан-жақты талдады. Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кі­тапханасының директоры Эльвира Аманғалиева іс-шараға қатысқан ғалым-ұстаздарға, кітапханашыларға алғысын жеткізді.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале