28.11.2024, 12:00
Оқылды: 21

«Кейінгі ұрпақтарым есіне алар...»: Оралда ағайынды Беркінғали мен Әжіғали Атшыбаевтар туралы кездесу кеші өтті

Осындай атаумен Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мұражай-үйінде мұражай ұжымының ұйымдастыруымен кездесу кеші өтті. Ағайынды Беркінғали мен Әжіғали Атшыбаевтар туралы кездесу кешіне оның ұрпақтары Бақытжан  Өтеғалиев пен Шаттық Харесова арнайы Атырау қаласынан алтын уақыттарын бөліп келді.

WhatsApp Image 2024-11-22 at 17.12.36 (1)

Айта кетейік, Беркінғали Мұ­қашұлы Атшыбаев – Батыс Алашорданың белгілі қайрат­кері, 1897 жылы бұрынғы Гурьев  уезі Қазыбек болысының Миялы  ауы­лында туған. Ол – қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы-геологі. Оның туған інісі Әжіғали Атшыбаев банк саласында қызмет еткен.

Іс-шара барысында музей меңгерушісі Ахмедияр Батырханов ағайынды Беркінғали мен Әжіғали Атшыбаевтар туралы қысқаша мәлімет берді. Еңбек ардагері Тихон Әліпқали Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова және оның анасы  Әмина Сүлейменқызы, Әжіғали Атшыбаев туралы әңгіме өрбітсе, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының  меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова Алаш қайраткері Беркінғали Атшы­баевтың өмірі мен қызметінен та­ғылымды баяндама оқыды. Тектінің тұяғы Бақытжан Өтеғалиев сөз сөй­леп, әулет тарихынан сыр шертті. Ол Әжіғали Атшыбаев пайдаланған күміс ыдыс пен ұстараны, 1900 жылы Париж қаласынан шыққан қалта сағатын, Атшыбаевтар әулетінің жеке архивінен Орал губерниясының 1909 жылғы картасының көшірмесін мұражай қорына сыйлады. Сондай-ақ Әжіғали Мұқашұлының суреті мен филология ғылымдары­ның кандидаты, доцент Айгүл Өтеғалиева жазған Атшыбаевтар әуле­тінің тарихы мен шежіресінен сыр шертетін мақала жарияланған Атырау облысы Қызылқоға аудандық қоғамдық-саяси газетін қоса сыйға тартты. Кездесу кешінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, белгілі өлкетанушы Айнагүл  Ойшыбай Батыс Алашорда тарихын тілге тиек етіп, Алаш қайраткерлерінің өшпес еңбегі хақында тағылымға толы мәліметтермен бөлісті.

WhatsApp Image 2024-11-22 at 17.12.36

Іс-шарада Құрманғазы атындағы саз колледжінің 4-курс студенті Қайсағали Нұрдәулет Дина Нұрпейі­сованың «Әсем қоңыр» және Құрманғазының «Серпер» күйлерін на­қышына келтіре тартса, «Атамекен»  өнер ордасының әншісі Бейбіт Қа­жығалиев Мұхит Мерәліұлының  «Паңкөйлек» әнін тамылжыта орындап, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара соңында музей меңгеру­шісі Ахмедияр Батырханов Бақытжан Өтеғалиев пен Шаттық Харесоваға музей атынан кәдесый табыс етті.

Аталмыш іс-шараға Орал қалалық  білім беру бөлімінің эстетикалық бағыттағы гимназиясының және Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Жанерке Мереке

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале