Бұл туралы БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұрлан Мусиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндады. Келер қыс мезгілінде төтенше жағдайдың алдын алуға облыс бойынша 3925 қызметкер мен 1404 техника дайын.
Өткен қыс айларында ауа райының нашарлауына байланысты 93 ескерту жарияланып, аутомобиль жолдары 111 рет жабылған. ТЖД күштері құтқару жұмыстарының нәтижесінде 112 адамды эвакуациялаған. Өткен жылдың 6 ақпанында болған боранда көру мүмкіндігінің шектелуі 50 метрге жетіп, 14 аутожол бағыты бойынша көлік қозғалысына тыйым салынған. Жолдар жабылған кезде СМС-хабарламаларды және ауа райының нашарлауын елемеген 16 азамат қар құрсауында қалды. Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде жоғалған азаматтар табылып, қауіпсіз жерге дін-аман жеткізілген. Сондай-ақ ауа райының нашарлауы туралы жарияланған ескертулерге қарамастан, ауылдық жерлерде адамдар жиі мал іздеуге шығып, адасып кетеді екен.
– Департамент қызметкерлері облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы және БҚО полиция департаментімен бірлесіп, жол қызметтерінің республикалық және облыстық маңызы бар аутожолдардың қыс мезгіліне дайындығын тексерді. Облыс бойынша қыста төтенше жағдай туындай қалған жағдайда 3925 адам және 1404 бірлік техника жұмылдырылады. Олардың қатарында ТЖД бөлімшелеріндей жеке құрамнан 950 қызметкер және 60 бірлік техника бар. Облыс аумағындағы аутомобиль жолдарының ұзындығы 6176 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар – 1342 шақырым, облыстық маңызы бар – 1692 шақырым, аудандық маңызы бар – 3142 шақырым. Аутомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайтын қар басу қаупі бар 178 учаске тіркелген (республикалық жолдарда – 65 учаске, облыстық жолдарда – 113 учаске), 40 жылыту пункті (республикалық жолдарда – 6, облыстық жолдарда – 12, аудандық жолдарда – 22) және қар ұстау қалқандары дайындалды (республикалық жолдарда – 7500 б.м.). Облыстың барлық ауданында жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге жұмылдыру үшін бірнеше мобильді топ құрылды, – деді БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұрлан Мусиев.
Қазіргі таңда барлық бөлімшелер жанар-жағармаймен толық қамтылған. Бүгінде жағдай тұрақты, коммуналдық нысандар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz