28.11.2024, 16:00
Оқылды: 17

Ильфат Абдуллин: «Ел кубогында алтын, Гран-приде абсолютті чемпион атандым»

Садақ атудан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ильфат Абдуллин осы жылдың соңғы жарыстарындағы өнеріне баға берді. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Олимпиада ойындарының қатысушысы маусымның аяқталуына риза екенін айтты.

IMG_3397

Сурет: Olympic.kz

«Маусымның соңғы жарыстары мен үшін өте сәтті өтті. Қазақстанның үздік мергендерінің арасында өткен соңғы Кубокта алтын медаль жеңіп алдым, сондағы нәтижелерім жоғары болды.

Одан кейін Астанада халықаралық Гран-при өтті, онда мен абсолютті чемпион атандым. Бірінші орын үшін Қытай құрамасының спортшыларымен бәсеке болды. Өз деңгейіме сай нәтиже көрсете алдым. Бұл мені қатты қуантты.

Жақында ғана жабық ғимараттағы Қазақстан чемпионатынан оралдым. Онда үш алтын мен бір күміс жеңіп алдым. Бұл осы жылғы соңғы жарыс болды. Басты мақсатым маусым соңын сәтті аяқтау еді. Мен сол мақсатты орындадым деп ойлаймын. Өзімді керемет сезінемін.

Енді жаңа жоспарлар, жаңа міндеттер жүктеледі. 2025 жылға физикалық тұрғыдан өзімді шыңдауым қажет. Алда жауапты маусым күтіп тұр, өйткені күнтізбеде әлем және Азия чемпионаттары бар. Сол жарыстарда лайықты нәтижелер көрсету керек. Дайындықты сапалы, ынтамен және ақылмен өткіземін.

Бұл маусымды орташа деңгейде бастадым, орта жағында аздап қиындықтар болды, бірақ оны жоғары деңгейде аяқтадым.

2024 жылы мен өзімді барынша шыңдай түстім деуге де болады. Қандай аспектілермен жұмыс жасау қажет екенін түсіндім. Сонымен қатар барлық сәттерді бақылап, талдап отыру маңызды екенін ұқтық. Бұл мен үшін және менің командам үшін жемісті жыл болды. Барлық жерде соңына дейін күрестім», – деді садақшы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале