29.11.2024, 16:45
Оқылды: 10

Бөкей ордада жиын өтті

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен аудан әкімі аппаратында лездемелік жиын өтті.

IMG-20241127-WA0039

Жиын күн тәртібінде төрт мәселе, атап айтқанда жоспарлы вакцинацияның іске асырылу барысы, 2024 жылға бөлінген қаржының игерілуі, кірістердің түсімі, 2025 жылдың I жартыжылдығына мерзімді басылымға жазылу науқаны, мал азығы дайындығы сияқты мәселелер қаралды.

Ұлттық вакцинация күнтізбесі шеңберінде нысаналы жастағы балалардың профилактикалық егулермен қамтылуы туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйлә Өтешева хабарлама жасады.

– Биылғы он айда жаңа туған 13 сәбидің 12-сі БЦЖ екпесін алған. Қызылша, қызамық және эпидпаротитке қарсы екпені алу көрсеткіші - 71,3%. Пневмококк инфекциясына қарсы ревакциналау бойынша айтсақ,   59,1% көрсеткішпен облыс  бойынша ең төменгі деңгейдеміз.   Сайқында екпе алуға тиісті 76 баланың 37-сі ғана екпе алған. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміз бойынша 11 жасар қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде. Аудан бойынша 110 қыз бала екпе алу керек еді, күні бүгінге дейін 46 қыз бала екпе алды. Округтерге шағып айтсақ, ағымдағы жылдың он айында тек Бөрлі ауылының ФАП қызметкерлері  вакцинацияның жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізіп отыр, - дейді Ләйла Мұхитқызы.

Аудандық қаржы және экономика бөлімінің  басшысы Раушан Абдуллинаның айтуынша, жоспарланған қаражат түгел дерлік игерілген. Дегенмен, жосықсыз мердігерлердің жауапсыздығынан нүктесі қойылмай тұрған Мұратсайдағы дамбы сияқты жобалар да бар.   Бұл мәселелер бойынша іс сотқа жолданып, тиісті іс-шаралар қолға алынған. Кіріс көрсеткіші  де көңілден шығады, жоспар артығымен орындалуда.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев қысқы мал азығымен қамтамасыз етілуі турасында есеп берді. Баяндамашының айтуынша, мал қыстағына 188,1 мың тонна мал азығын дайындауымыз қажет болса, бүгінде осы жоспар 87,5%-ға орындалған. Яғни, қолда  164,5 мың тонна мал азығы бар, оның 3,4 мы тоннасы былтырдан қалса, 4,5 мың тоннасы басқа аудандардан тасылған.

– 338 шаруа қожалығы мал азығымен толық қамтамасыз етілсе, 187 қожалық 80%, 12 қожалық 30%-ға қамтылған. Бүгінгі таңда  Ұялы ауылындағы бір ғана  қожалық мүлдем қамтамасыз етілмей отыр. Азын-аулақ  мал ұстап отырған жеке тұрғындарға да жем-шөп жеткізілді. Әлі де тасымалдануда, - дейді Серік Сұлтаниярұлы.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев жазылым науқанының барысы туралы баяндады.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар лездемелік жиын барысында ауданның әдеп жөніндегі уәкілі Асқар Ажғалиев мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын атап өтіп, қызметтік автокөліктерді қызметтен тыс уақытта, демалыс және мереке күндері пайдалануға болмайтындығын түсіндіріп, орын алған жағдайда мемлекеттік органдардың жауапты адамдарына нақты шаралар қабылданатынын ескертті.

Анар Артықбай

Бөкей ордасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале