2.12.2024, 14:45
Оқылды: 300

Антарктиданы алғаш жүзіп өткен қазақ қызы туралы не білеміз?

Батыс Қазақстан облысында туып-өскен Әнел Сытдықова өз өміріндегі тағы бір биікті бағындырды.

99060796-92dd-4f47-891d-0ac4d62bb004

Фото: Әнел Сытдықованың жеке мұрағатынан

Әнел Сытдықова бұл жолы 12 қарашада Антарктиданың мұздай суларын жүзіп өтуге қатысты. Ол 750 метр қашықтықты 18.58.95 минутта жүзіп өтті. Судың температурасы -1,4 градусты көрсеткен.

Өзінің айтуынша, Дрейк бұғазы арқылы екі күнге ұласқан жүзуден кейін Антарктидаға 10 қараша күні келген.

«IISA (International Ice Swimming Association, Халықаралық қысқы жүзу қауымдастығы) ұйымдастырушысы әрі негізін салушы Рам Баркай басшылық еткен біздің топқа Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Мажарстан, Малайзия, Аустралия және Қазақстаннан 13 жүзуші және бір доктор кірді. Арамызда Ice Seven, Lynton Mortensen, Oceans Seven титулдарын иеленген әлемдегі үш адамның бірі Kate Steels (Кейт Стил) сияқты атақты жүзу шеберлері болды», - дейді Әнел Сытдықова.

Оның айтуынша, Антарктидада болған он күннің ішінде жүзу үшін қолайлы сәтті күткен. Оның үстіне кемеде басқа 150 жолаушы болғандықтан, корабль тәртібін де сақтау керек еді.

«Дегенмен біз Антарктиданың суларын жүзіп өттік. Мен үшін бұл өте салқын болды. Судың салқындығы -1,4 градус болса, желдің жылдамдығы сағатына 35 шақырым еді. Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүзудің әсері бөлек. Антарктида мұздай құшағын ашқан аз ғана адамның қатарында болу мен үшін ерекше оқиға болды», - дейді Ә.Сытдықова.

Әнел Сытдықова – триатлоннан Қазақстанның тұңғыш темір ханшайымы, бірінші айронмен (Ironman) және ультрамен (Ultraman).

Қазақ қызы бұдан бес жыл бұрын қазақстандықтардан алғаш рет әйгілі Ла-Манш бұғазын (38 км) гидрокостюмсіз жүзіп өткен еді.

Әнел 2022 жылы жазда АҚШ-та Манхэттен аралы айналасында 20 көпірді айналып, 48,5 км қашықтықты бағындырды. Содан кейін Лос-Анджелесте әлемдегі ең ұзақ марафондық қашықтықтардың бірі – Каталина бұғазын (34 шақырымға жуық) тоқтамастан жүзіп өтті.

Ла-Манш (34 км) және Манхэттен айналысындағы 20 көпірді (48 км) қосқанда, Каталина әлемдегі ашық суда жүзуден үштік тәждің (Triple Crown of Open Water) құрамына енеді.

Сондықтан Әнельге «Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, ол «Үштік тәж» (Triple Crown) клубына мүше болып қабылданды. ТМД көлемінде ешкім мұндай жетістікке жеткен емес.
Ә.Сытдықова өзінің отбасымен Англияда, Лондон маңында тұрып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық келіншектің әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өткенін  жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Әнел Сытдықова АҚШ-тағы екі ұзақ қашықтықты жүзіп өткісі келетінін айтқан болатын.

Қазақстандық әйел АҚШ-та 48 шақырым қашықтықты жүзіп өтті.

Ғайсағали Сейтақ

kaz.inform.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале