Желтоқсан айы жағымды жаңалықтармен басталды. Шыңғырлау ауданының Шоқтыбай ауылында тағы да екі пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев ізгі тілегін білдіріп, жаңа баспана кілтін А.Ермекбаева мен «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Орал қаласынан көшіп келген М. Абдулованың отбасына табыс етті.
Бұған дейін де осы ауылдың екі тұрғыны жаңа үйге қоныс тепкен болатын. Бүгінгі таңда жаңа үйге ие болған 4 отбасының 14 баласы Жаңатұрмыс негізгі мектебіне барып жүр.
Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Шоқтыбай ауылы аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ауылдв газ бар, таза ауыз сумен қамтылған. 9 жылдық Жаңатұрмыс мектебі, ауылдық клуб, кітапхана, медпункт жүйелі жұмыс жасап тұр.
Ауыл мал, құс шаруашылығын дамытуға, бау-бақша егуге қолайлы жер.
«Қаладан – ауылға» жобасы алдағы жылы да жалғасын тауып, Шоқтыбай ауылына жаңа үйлер салыну жоспарлануда. Қаладан ауылға бет бұрғысы келетін жандар болса жері шұрайлы, халқы тату ауылда өз өмірін, кәсібін жалғастыруға мүмкіндік жоғары.
Анар Қалиева
Шыңғырлау ауданы