Шыңғырлау ауданы күннен-күнге дамып, гүлденіп келеді. Ауылдағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, барынша жағдай жасау үшін елеулі жұмыстар атқарылып, мәселелер шешімін тауып жатыр.
Ауданның ауылдарында халық санын арттырып, жас отбасыларды, жас мамандарды тарту және қоныстандыру, тұрақтандыру мақсатында жаңа үйлер салынып, қолданысқа берілуде.
Бүгін Ащысай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында 3 жаңа үйдің кілті иелеріне табысталды. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Айкөркем Ибрагимова, Қымбат Қажиақпарова, Серік Сандыбеков баспаналы болды. Қолдануға берілген үйлер мемлекет қолдауы негізінде салынып, құрылыс жұмыстарын «Таңатов» жеке кәсіпкерлігі жүргізді.
– Еліміздің саясатына сәйкес ауылдық елді-мекендерде халықты қоныстандыру, тұрақтандыру мақсатында осындай игі істер іске асырылып жатыр. Соның арқасында ауыл халқының саны артып, аудан мәртебесі биіктей бермек. Бүгін үйлі болып отырған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыз, ауылдарымыз көркейе берсін, - деп тілек білдірген аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев жаңа үйлердің кілеттерін табыстады.
Айта кетсек, бір үй бұрынғы баспанасы апатты жағдайда тұрған тұрғынға ұсынылды. Екінші баспана ауыл балабақшасына жаңадан келген маманға, үшінші үй ауыл мектебінің бастауыш сыныптары мұғаліміне берілді.
– Бүгін баспаналы болып, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Бұл біз сияқты жас отбасыларға ауылға орналасып, тұрақтап қалуға өте жақсы мүмкіндік. Осындай игі іске себепкер болған жандарға алғыс айтамын. Бұйырса, осы ауылда қызмет етіп, өлкеміздің көркеюіне өз үлесімізді қосамыз, - дейді жаңа қоныс иесі Айкөркем Ибрагимова.
Бұл жаңалық Амангелді тұрғындарын да қуанышқа бөледі. Қоныстой қызығын бөлісе келгендер ауылдардың дамуына бағытталған ізгі істер көптеп болсын деген тілектері мен басшылыққа ризашылықтарын жеткізіп жатты.
Жалпы алғанда, Ащысай ауылдық округі ең көп жаңа баспаналар салған елді-мекен болғалы тұр. Биылғы жылға округ бойынша екі пәтерлі 7 үй салынған.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы