4.12.2024, 9:00
Оқылды: 33

Мемлекет басшысы One Water саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

IMG_4044

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы аталған іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Францияға, Сауд Арабиясына және Дүниежүзілік банк тобына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жиынды Рияд қаласында бірлесіп өткізген Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазизге және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа алғыс айтты.

Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.

– Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге шынайы ризашылығымды білдіремін. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале