5.12.2024, 14:30
Оқылды: 85

Ақжайықта әкелер форумы өтті

«Қамқор әке – бақытты балалық» тақырыбымен Ақжайықтағы М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде мектепшілік әкелер форумы өтті.

db65ebe0-64bb-47aa-a71f-fe9d13428a3e

Мектепке келген әкелерді білім ордасының оқушыларынан құрылған домбыра оркестрі қазағымыздың төкпе күйлерін орындап қарсы алды. Әдетте ата-аналар жиналысына көп бара бермейтін отағасылардың осы шараға бір кісідей жиналуы да өзгелерге үлгі боларлықтай екенін айта кеткен жөн.

Форумда алғы сөз сөйлеген аталмыш мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалампыр Есенәлиева бүгінгі шараның өтіу жоспарын таныстырып, бала тәрбиесіндегі әке рөліне тоқталып өтті.

– Әке – асқар тау, отбасының тірегі, балаларына сүйеніш. Сіздер өсірген, біз білім берген бала ертең-ақ ел тұтқасын ұстайтын азамат болады. Сондықтан ізгі дүниенің бастауы болып табылатын тәрбиеде кем кетер тұс болмау үшін әке өзін тек отбасының асыраушысы деп қана емес, ұстаз ретінде де сезіну керек.

Бұл шараны ұйымдастырғандағы мақсатымыз – ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру, өнегелі отбасы, соның ішінде отағасыларды насихаттау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын, тәрбие процесін ұйымдастыруда әкелердің мектеппен тығыз байланыс жасауына ықпал ету, отбасындағы әке мен ер азаматтың рөлінің мәнін ұғындыру, - деді ол.

Аталған форум бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы «Әке көрген оқ жонар» бөлімінде форумға қатысушылар аудандық балалар шығармашылығы орталығы мен мектеп үйірмелеріне қатысатын шәкірттер жасаған қолөнер бұйымдарымен танысты. Бұл көрмеге домбыра, қамшы, ат әбзелдері, т.б. дүниелер қойылыпты.

Жас шеберлерді ұлттық қолөнерге қосымша білім беру педагогы Досжан Бижанов пен аталған мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Арман Рамазанов баулып жүр. Олар көрмеге қойылған әр затты, оны жасап шыққан шәкірттің жетістіктерін мақтана таныстырып, балаларды еңбекқор етіп тәрбиелеуде ең алдымен әкелердің де ықпалы болатынын айтты.

«Алтын асық – ұлттық мүра» бөлімінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Қуаныш Телағысов пен Дина Болатжанқызы шеберлік сағатын өткізіп, асық ойындарының ережелерін түсіндірді. Әй, адам қанша есейсе де, балалық шағын ұмытпайды ғой әсте! Шеберлік сағатта жалаңаяқ бала кезінде ойнаған асығын еске алып, айтысып-тартысып әкелер өзара жарысып кетті. Сонымен қатар олар бес асық ойынының да қыр-сырына қанықты.

Соңғы кезеңде әкелер оқушылардың түрлі пәндер бойынша дайындаған зерттеу жұмыстарын зерделеді. Әсіресе, өз баласының жетістігі көптің алдында айтылып, мақтан етілген әкелердің қуанышында шек жоқ. Ұрпағының өзінен асып туғанына марқаймай ше?! Форумның соңында аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында топ жарған оқушылардың ата-аналары марапатталды. Мектептің өнерлі өрендері ән салып, би билеп, өлеңдер оқыды.

Асыл Қайрат

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале