5.12.2024, 16:46
Оқылды: 83

Оралда «Мейірім» оңалту орталығы ашылды

Орал қаласының 10-шағынауданында «Мейірім»  оңалту орталығы ашылды. Бұл орталық жүріп-тұруы қиын, яғни буын ауруына шалдыққан әртүрлі топтағы азаматтардың денсаулығын жақсартуға арналған.

WhatsApp Image 2024-12-03 at 16.14.37 (1)

Облысымызда жүйке жүйесі бұзылып, созылмалы буын аурулары әсерінен өзін жайсыз сезініп, ақ халаттыларға жүгінген тұрғындар саны көбейген. Ем-шара барысында 2023 жылы 145 азаматтың І топ мүгедегі екені анықталды. «Мейірім» оңалту орталығы соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталып, қызмет көрсетуде.

Жүріп-тұруы бұзылған, қозғалысы қиындаған науқастарға арналған аппараттарды «НейроФит» оңалту орталығымен келісімшарт жасасып, арнайы алдыртқан екен. Сондай-ақ мұнда емдік дене шынықтыру залы, логопед-афазиолог және массаж бөлмесі бар. Одан бөлек, ақ желеңділер қатарында реабилитолог, невролог, нейрохирург, кардиолог және нұсқаушы мамандар қызмет атқарады. «Мейірім» оңалту орталығының емдік шара бойынша орынбасары Айгүл Жолдығұлова бір науқас күніне екі-үш сағаттан астам ем қабылдауы қажет екенін айтып өтті.

–  Біз тұратын үйдің жанында осындай оңалту орталығы ашылғанына қуаныштымын! Орталықтың жаңа аппараттары қолайлы әрі жүйелі жемісін беруде. Қолымның бұлшық еттері созылып, сіңіріме зиян келген. Қазір осы ауру бойынша ем қабылдап жүрмін, – деді ем алушы  Гүлсара Мәжитова.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының өкілі Мейрам Қабдығалиев «Мейірім» оңалту орталығымен танысып, сәттілік тіледі.

– Бүгінде облысымызда 86 әлеуметтік кәсіпкерлік субьекті бар. «Мейірім-Орал» ЖШС  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамынан ұлттық жоба аясында жеңілдетілген 7 пайызбен 15 миллион теңге несие алды. Соның нәтижесінде орталық қажетті құрал-жабдықтармен толықты. Мұндай оңалту орталықтарына қала тұрғындарының сұранысы басым, – деді ол.

3 желтоқсан – халықаралық мүгедектер күні. «Мейірім» оңалту орталығының «тұсауы» осы күні кесілді. Орталық директоры Дариға Әбдірахманова қызметтік бөлмелерді таныстырып, денсаулық сақтау жүйесіне шәкірт тәрбиелеген, білікті дәрігерлер Ханзира Ағеділова мен Ербол Есетовке алғысхат табыстады. Қазақстан Медицина қызметкерлері қоғамының шешімімен денсаулық саласына қосқан елеулі үлесі үшін Маржан Жанбосова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Нұрым Қайырболатұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале