5.12.2024, 17:16
Оқылды: 108

«Арба» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толды

Тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған азаматтарға қолдау білдіретін «Арба» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толды. Осыған орай және халық­аралық мүгедектер күні аясында мерекелік іс-шара өтті.

ардаға 15 жыл4

– Облыста 700-ден астам үкіметтік емес ұйым болса, «Арба» – солардың арасында белді де белсенділердің бірі. Себебі қаншама адамның басын қосып, барынша қолдау білдіріп келеді. Бірлестік мүгедектігі бар жандардың жағдайын жақсартып, мүддесін қорғауда белсенді жұмыс атқарып жүр. Сондықтан бұл ұйымның маңызы зор. Сіздерге облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан шын жүректен алғысымды айтамын, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұйымның қалыптасуына үлес қосқан жандарды марапаттады.

«Арба» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлованың айтуынша, бұл ұйым бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің қабылданып, заң жобаларына өзгерістер мен түзетулер­дің енгізілуіне себепші болған. «Осылайша мүгедектігі бар азаматтардың мәселеле­рін шешуге атсалыстық. Олардың жұмысқа орналасып, кәсіппен айналысуларына көмектестік. Бүгінде қала мен аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде жұмыс істеп жүргендер бар. Бірқатары әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда топ жарып, чемпион атануда. Түрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастырамыз. Бүгінгі іс-шараға қаланың шет жағында тұратын кейбір азаматтар келе алмай қалды. Алдағы уақытта жаңажылдық кеш өткіземіз. Бізге қолдау білдіріп отыратын облыстық және қалалық әкімдіктерге ризашылығымды білдіремін. Осы іс-шараның өтуіне атсалысқан облыстық мәслихатқа, «Amanat» және «Respublica» партияларына, облыстағы «Паракаратэ федерациясы» РҚБ филиалының же-текшісі Асқар Досжановқа, кешті әнмен әрлеген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарына және басқа да жанашыр жандарға алғысымды айтамын», – деді Гүлмира  Батпақұлова. Өңір-де арбаға таңылған 1200-дей адам болса, соның 350-і  – «Арба» қоғамдық ұйымына мүше.

ардаға 15 жыл5

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Миргүл Құрманбаеваның айтуынша, өңірімізде 24 000-нан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Соның 3130-ы – балалар. Бүгінде мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиісті іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, кембағал адамдар техникалық көмекші құралдармен, әлеуметтік қызметтермен, жеке көмекшімен және ымдау тілі маманымен қамтамасыз етіледі. Үйден қызмет көрсетіліп, біржолғы материалдық көмектер беріледі.  Олардың грант немесе несие алуларына, тұрақты немесе қоғамдық жұмыстарға орналасуларына жағдай жасалуда. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған https://inva.gov.kz ақпараттық порталы іске қосылған.

Облыста мүгедектігі бар адамдардың мүддесін ойлайтын 20-дан астам қоғамдық ұйым бар. 15 жылдыққа арналған іс-шара мерекелік концертке ұласып, әннен шашу шашылды.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале