7.12.2024, 10:00
Оқылды: 111

Сырымдық 27 келі чемпионды білесіз бе?

Бейбіт бүгін ұйқысыз. Әлсін-әлсін аттар тұрған тұраққа келіп, жүйріктерінің жай-күйін қарайды. Сәйгүліктер де сынға түсетінін түсініп тұр. Бұлдыртыда, өз қорасында көк шөпті қаперсіз күтірлетіп тұра беретін торы байталдың мазасы кеткенСауырына қонған шыбынның да салмағында жүк көріп тұр.

PHOTO-2024-12-04-18-56-04 (1)

– Жануар! - деп маңдайынан сипады Бейбіт. Иесінің алақаны тиісімен, жылқы тыпыршуын доғарып, сабырлы күйге түсті

Күттірген бәйгенің де таңы атты. Күн найза бойы көтерілісімен тойтөбе халыққа толды. Аламан жарыс әне-міне басталады. Бейбіт торының жабуын сыпырып, үстіне қауырсындай қара баланы қонжитты.

– Қорықпа, Мерей! Жылқыңның басына ие бол! Жылдамдық қатты болады, себебі қарсыластар осал емес. Қане! - деп шоғырдың арасына алып кірді

Қауырсындай баланың қолы қарулы екен. Тізгінді бұрап тартқанда жүйрікке тұлпардың ата заманғы иесі адам, адамизаттың ішінде қазақ екенін түйсіндірді.

PHOTO-2024-12-04-18-56-04 (2)

Бүгін Мерей тұңғыш рет бәйгеге шаппақ. Тай мініп, тепеңдеп жүруші еді ауыл айналада. Ағасы Сәкен тұлпар таңдамайтын шабандоз. Атбегі Бейбіттің жады қателеспесе, Сәкен сан түрлі сәйгүлікпен 50-60 рет топ кірді-ау! Енді міне, інісінен де жалды жануарға іңкәрлік білінеді. Нық отырысын, қуатты тақымын байқаған болуы керек Бейбіт оған «Мерей! Мен сені ертең бәйгеге алып кетем! «Шұғыламен» шабасың!» - деді.

Міне, астында торы байтал. Анау-мынау емес, әпдегеннен аламан бәйгеге түспек.

Шабыс басталды. Артта бұйра шаң қалып барады. Осы жарыста Мерей абайсызда жылқының үстінен сырғып түсті. Бала құлағасын, бәйге бола ма, Бейбіт шабандозына қарайшапты. Орнынан тұрып, үстінің шаңын қағып жатқан Мерейдің көзінен ол қорқыныш-үрейді емес, өзін жығып кеткен жүйрікке деген ашу-ызаны көрді. Әйтпесе, тасырлаған тұяқтың астында қалған бала жылап жіберсе де ешкім кінәламас еді.

Осыдан мінейін! Енді құламаймын! - деді ол өзін қайрап. Мерейдің алғашқы бәйгесі осылай басталған.

***

Мерей сөзінде тұрды. Қолына тиген жалдан айырылмай қарғып мініп, құйғытып шауып, бәйгеден бәйге қоймай ұтатын болды.

– Ғарифуллиндердің баласы Мерей Жаңақалада топ жарыпты. Бірінші орын алған екен! Азамат– Төлегеннің тайы Шыңғырлаудағы бәйгеде ІІ келіпті. Мерей шапқан екен! - деген ақжолтай хабарлар Бұлдыртыға араға апта салып келіп жатты.

Мерей ол кезде ойынды ұмытып, бапкері Бейбіт екеуі ат баптау, бәйгеге шабу ісіне әбден беріліп кеткен еді. Ақсай қаласының іргесіндегі атшабардағы бәйгеде Көздіғараның құнанымен мәренің бауын екінші болып кесті. Құнаннан түсе сала, тағы бір арғымаққа артылып мініп, аламан бәйгеге тағы шапты. Үшінші орын. Осы жазда Теректі ауданы, Шалқар көлінің батыс бетіндегі Сүттігенді ауылында аты айқайлаған аттар жарысы өтті. Ақтөбелік атсейіс Ертай Арқабаев тақымында қанды қазанатты тырп еткізбей ұстайтын тегеурінді біздің баланы көрді.

– Ұлыңызды Ақтөбеге жіберіңіз. Жаздай менде болсын! Үйренсін, шыңдалсын! Жүйрік көп, жарыс көп! Маған осындай шабандоз керек! - деді Ертай сейіс Мерейдің әкесі Қуанышқа

– Бала
менікі болғанмен, билік бапкері Бейбітте! Соның алдынан өт! Ол келіссе, қарсылық жоқ қой ! - деп қысқа кесті әкесі.
IMG_4940

Арқабаевтің арқыраған арғымақтары айналаға ғана емес, Алашқа танымал айтулы жүйріктер! Ақтөбе атшабарының да мүмкіндігі мол. Бейбіт қазақ бәйгесінің болашақ жұлдызының бағын байлай ма?! Ертайға шәкіртін қолымен аманаттады.

***

Бәйгеден Қазақстан чемпионатына іріктеудің V кезеңі Ақтөбеде өтті. Осы дода қазақ бәйгесінің жаңа есімін таныстырды. Ол – Мерей Ғарифуллин

Арқабаевтардың «Қарашық» атты тұлпарымен құнан бәйгені ұтқан Мерей іле-шала ат ауыстырып, «Айқасқамен» топ бәйгеге кірді. Тағы да бірінші орын.

– Шаршаған жоқсың ба, Мерей?! 

– Жоқ! Аламанға да мен шабайыншы.

«Ақжұлдыздың» басы жұмсақ. Шаршатпайды! Бір-екі айналымнан кейін желіп отырып, тынығып аламын! Бұйырса, тағы медаль аламыз, Ертай аға! - деді де Мерей аламан бәйгеге кетті.

Азамат-ей! Айтқанын жасады! «Ақжұлдыз» мәреге тұяғын үшінші болып іліктірді

– Чемпионатқа жолдама алғанын көргенде көзімнен жас шықты! - дейді бапкері Бейбіт Досқалиев.

Міне, ала жаздай Мерей Ғарифуллин Орал, Ақтөбе, Ақтау, Атырау атшабарларын шаңдатты. Астанада ҚР чемпионатында құнан жарыста Арқабаевтардың сәйгүлігімен екінші болып келіп, спорттық мансабын жаңа биікке көтерді.

Маңғыстаудағы 2024 жылғы ел бәйгелерінде топ жарған тайлардың қорытынды шабысында «Алтын тайды» да Мерей мінген бала жүйрік алды. 

– Мерейдің намысты, қайтпайтын мінезі бар. Сол мінез оны әлі шыңға шығарады! - дейді ақтөбелік атбегі Ертай Арқабаев

Бәйгебала Мерей «Қарашық» атты құнанмен достасып үлгерді. Бірінің сырын бірі түсіне алды. «Қарашық» тақымында тұрғанда Мерей қай бәйгені де аларына сенеді. Мерей мінсе, «Қарашық» та ауыздығын шайнап, шабыс тілеп тұрады.

PHOTO-2024-12-04-18-56-04

Биыл екі дос Астана қаласындағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы бәйгеде Қазақстанның намысын қорғады

Үйінен жырақта жүру, ойынды ұмытып, қаны бойында тулаған қазанаттармен алысу, оларды мінезіңмен бағындырып, бәйгенің алдынан келу оңай емес балаға. Балалығын қазақтың ұлттық қазынасы – жылқының жолында қиған Мерейдің құрбандығының бағасын білеміз бе, білмейміз бе?

Мерей бүгінде Сырым ауданы, Бұлдырты ауылындағы мектептің 5 сыныбында оқиды. Қылдырықтай балаға атқа мінсе қанат бітіп кетеді

Шабандозға бірінші қойылатын талап – салмақ. Біздің бәйгебала 27 келі тартады.

Ол сабақтан келе жатып, Ақтөбедегі Арқабаевтардың атқорасында тұрған тұлпарын ойлайды. Мерейді көрсе кісінер ме екен?! 2025 жылдың жаңа маусымында «Қарашық» екеуін талай жол, талай бәйге күтіп тұр! Шап, Мерей!

P. S. Жыл соңында салалар қорытынды жиындарын жасайды. Биыл Сырым ауданы бойынша «Жылдың үздік спортшысы» кім атанады!? «Жыл жаңалығы» кім

Біздің Мерей сол марапатқа лайық емес пе!? Қалай ойлайсыз, оқырман?!

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале