Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Талғат Горяев пен аталмыш департаменттің өндірістік төлемдер басқармасының басшысы Тимур Төлепов жеке тұлғаларды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынудан босату турасында баяндады.
– Қазіргі уақытта облыс көлемінде үш кезең аясында жалпыға бірдей декларациялау жүйесі бойынша 196 мың адам қамтылды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор басшылары, кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары бар. Жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін декларацияларды тапсыруға арналған электронды сервистер іске қосылды. Мысалы, салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz), e-Salyq Azamat (салық әмияны), eGov mobile, Halyk, «БанкЦентрКредит» және Kaspi мобильді қосымшалары арқылы декларацияны онлайн тапсыруға болады, – деді Талғат Зейноллаұлы.
Азаматтардың қалған санаттарын декларациялау 2025 жылы жалғаспақ. Төртінші кезеңде зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және тағы басқа топтар қамтылады екен. Бұл шамамен 400 мың адамды құрайды.
– Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес елден тысқары активтері жоқ азаматтарды декларация тапсырудан босату ұсынылды. Бұл шешімге мемлекеттік деректер базасының цифрлануы, қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінің артуы (86%), салықтық бақылаудың аутоматтандырылуы, халықаралық келісімдер негізінде қаржылық шоттар туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ цифрлық қызметтердің қолжетімділігі әсер етуде. Дегенмен шетелде активтері бар тұлғалар, сайлауға түсуге немесе мемлекеттік лауазымдарға үміткер азаматтар, сондай-ақ банктер, бағалы қағаздар нарығы және сақтандыру ұйымдарына қатысы бар ірі акционерлер декларация тапсыруды жалғастырады. Сонымен қатар декларацияны өз еркімен тапсыру құқығы да беріледі. Мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік және жеке сектор басшылары, ірі компаниялардың құрылтайшылары (25%-дан астам акция иеленушілер), олардың жұбайлары, сондай-ақ шетелде активтері бар азаматтар жыл сайынғы кірістері мен мүліктері туралы декларация (270.00 СЕН) тапсыруды жалғастырады, – деп түсінік берді Тимур Нұржанұлы.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz