Ел тәуелсіздігі атап өтілер тұста ауылдағы тұрғындар қуанышы еселеніп жатыр. Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округі биыл үлкен құрылыстар алаңына айналды десек те болады.
Шағын ауылдың шын қажетінің бірі – ауылдық емхана орны еді. Жергілікті жұртшылықпен жүздесу жиындарында осы мәселе жиі айтылып жүретін. Міне, осы жазда бұл мәселенің де қисыны келіп, ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық нысан құрылысы басталған болатын. Осылайша құрылысты қолға алған «Бекқалиев» ЖК-гі шағын ауылға жарқыраған еңселі медициналық ғимаратты салып берді.
Ұлт құндылығы – Тәуелсіздік күні қарсаңында бұл тарту ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы облыс басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
– Бүгінгі ауыл үшін аса маңызды жаңалықпен барша тұрғындарды құттықтаймын, жаңа нысан сіздердің денсаулығыңызға толық қызмет етеді, - деді Бақытжан Хаберұлы. Ол бүгінгі жаңалықтың Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту ұлттық пилоттық жобасына сәйкес облысымызда 2023-2025 жж аралығында салынуы тиісті 50 медицина нысандарының биылғы жылға жоспарланған 24 нысанның 12- шісінің ашылу салтанаты екенін атап өтті.
– Сонымен қатар осынау медициналық нысанды сапалы да, сәнді етіп салып берген «Беккалиев» жеке кәсіпкерлік компаниясына алғыс білдіреміз. Облысымыз бойынша бірқатар елді-мекендерде медициналық нысандар салып келе жатыр, бәрі де осындай сапалы салынып келеді, адал еңбекке алғыс білдіреміз, - деген лауазымды қонақ – Шыңғырлау халқы өзінің байыпты мінезі, мамыражай өмірі, еңбеккер жұртымен танымалы өңір. Жұрт аман, ел тыныш болсын! Үлкендеріміз аман болсын, - деген тілегін жеткізді.
Ауыл үшін маңызды бұл мәселенің шешілуіне атсалысқан, қолдау білдірген аудан, облыс басшылығына тұрғындар атынан алғысын жеткізген ауыл қариясы Талғат Таныбаев ауыл медбикелерінің жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтынын айтып өтті және ауылдағы ағайынның бұл жаңалыққа аса қуанышты екенін де жеткізді.
Бұдан соң фельдшерлік- акушерлік пункттің лентасы қиылып, тұрғандар жаңа нысанды аралап көрді.
Жаңа нысан бірнеше бөлмемен, жаңа құрал- жабдықтармен қамтылған, мұндағы «КТГ-узи» аппараты көп емханаларда, әсіресе ауылдық нысандарда бола бермейтін аппарат екен. Сондай- ақ, дефибриллятор, емделушіге жоғары белсенді препараттар мен дәрілік сұйықтарды мөлшерлі, қалыпты, бақылауда ұстай отырып ұзақ уақыт енгізуге арналған инфузионный насос немесе шприц-насос жабдығы, магнитотерапия жабдықтары, сары ауру белгілері бар балалармен жұмыс жасайтын аппаратура, жылдам диагноз қоюға арналған арнайы планшеттер, т. б түрлі жаңа құрал-жабдықтар қойылған.
Яғни, жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына бірқатар кешенді емдеу көмектерін көрсете алады.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы