Желтоқсан кешінде Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өлеңмен көмкерілген әдемі кеш өтті.
Жайықтың жағасын жүректерді жұбатқан жылы леп тербеді. Ол ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист, бірнеше жыр жинақтарының авторы Дариға Нұрашованың «Ақ қағаздағы арман жыр....» атты кешінің өтуімен байналысты еді.
Кеште өңірімізге белгілі ақын-жазушылар Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубайқызы, Сағынтай Бисенғалиев, Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Ғұбайдуллин сынды жыр саңлақтары төрден орын алды.
Ақын өзінің өлеңінде:
Жақсылар болып демесін,
Дарынды жансың дегесін,
Әдебиет дейтін теңізге
Өлеңнің салғам кемесін, - деп жырлаған жыр желкені өмір айдынында жыртылмаған ақын, елді тәтті өлеңдерімен тербеп келеді.
Кешке жиналғандар Дариға Нұрашованың жанды жадыратар өлең әлеміне саяхат жасады. Ақынның бал жырлары жинақталған «Балауса», гүлдей жанынның әдемі сезімі тізбектелген «Гүлсезім», есейген, елге арналған «Ақ қайың», өмірден түйгенін бір арнаға тоғыстыра өрілген «Өлең – өмір гүлзары» жыр жинақтары бар.
Ақын кешінің шымылдығын ақын ашты. Бөрлінің айтыскер жас ақыны Жарқынбек Шынтаев Дариға апасының шашбауын көтеріп, әдемі арнауын арнай келді. Арнауда сонау Оңтүстіктен келіп, Жайықтың ақын қызы атанған Дариға Кеңесбайқызының болмысын ашуға тырысты. Көпшілік Жарқынбек ақынның арнауына ризашылықпен қол соқты.
Ақынның сыршыл өлеңдерін аудан көлемінде насихаттауды мақсат еткен, осымен екінші рет өткізілген «Дариға оқулары» атты аудандық көркемсөз байқауының жеңімпаздары да сахна төріне көтеріліп, Дариға жырын тебірене оқыды, тыңдарманды тебірентті.
Мәдениет саласының қыз-жігітері елге ақынның өлеңдерінен әдемі композиция ұсынды. Ақынның жолын басып, ақындық жолда ізінен еріп келе жатқан ақындар Әділет Орынбасаров, Дарын Шамұратов, Ақтілек Әлібекұлы апаларына жыр-шашуларын арнады. Аудандық демалу орталығының әншілері, республикалық ән байқауларының жүлдегерлері Дархан Тасимов пен Әсел Куджанова Дариға Нұрашованың сөзіне жазылған, Жарқынбек Шынтаевтың әні «Жетсе демім» атты керемет туындысын орындап, көрерменның жүрегін тербеді. Одан соң сахнаға кеш иесі шығып, өзінің алғысын жеткізді. Өзінің жанынан туған тәтті өлеңдердің тарихына тоқталып, шешіле сөйлеп, толғана өлең оқыды. Ақындардың құтты мекені болған Қадырсарайды жырмен жылытты, тыңдарманды әуезді үнімен тербетті.
Кеште арнайы келен меймандар өз тілектерін арнап, лебізідерін жеткізді. Бөрлі ауданы әкінің орынбасары Алтай Тоқжанов аудан әкімінің ыстық сәлемі мен облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтау хатын табыстап, ақынға сый-сияпат жасады.
«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Дархан Оразов, Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, тарих ғылымдарының докторы, ғалым, ел ағасы, профессор Тұяқбай Рысбеков, Казталов ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Абешова, Ақынның студенттік группалас достары атынан облыстық мәслихат депутаты София Ізмұхамбетова, бауырларының атынан Ержан Кеңесбайұлы сөз алып, ақынға құрмет көрсетті.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы