Тасқала ауданында бөтелкеленген су өндірісінің процесін оның ішінде технологиялық, ұйымдастырушылық және маркетингтік аспектілерін зерттеу бағытында және Бөрлі ауданына қарасты Ақбұлақ ауылдық округінде осындай бизнесті бастау үшін практикалық ұсыныстар алу, бизнес иелерімен кездесіп, инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Кездесу кәсіпкерлік саласының өкілдері мен аудандық үкіметтік емес ұйым қызметкерлердің басын қосып, бизнестің даму жолдарын қарастыруға, яғни іс-тәжірибе алмасуға арналған шара болды.
Іс-шараға «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлбаршын Мұштанова, Бәйтерек және Тасқала ауданының кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мәрзия Нұрмұхамбетова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бизнес дамытуға қызығушылық танытқан жобалық команда мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – қатысушыларды бөтелкеленген су өндірісі саласындағы жаңашыл тәжірибелермен таныстыру, ауданның ауылдық округтерінде осындай бизнесті қалай дамытуға болатыны туралы ұсыныстар алу және осы салаға инвестиция тарту жолдарын талқылау болды.
Кездесуде сөз алған «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлбаршын Мұштанова жиынның мақсатын атап өтіп, осындай іс-шаралардың кәсіпкерлер үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Ол бөтелкеленген су өндірісінің ұйымдастырылуы, жұмыс процесі және осы саладағы табысты тәжірибелер туралы сөз қозғап, осы тәжірибелерді Ақбұлақ ауылдық округінде қолдану жолдарын қарастыруды ұсынды.

Өз сөзінде, Ақбұлақ ауылында су көзі бар екенін, бірақ ауыз су өндірісі бойынша бизнестің жақсы дамымағанын айтып, ауылдың әлеуетін арттыру мақсатында өз тарапынан бірнеше ұсыныстар жасағанын айтты. Сонымен қатар кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез бен Бәйтерек және Тасқала ауданының кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мәрзия Нұрмұхамбетоваға өңірдегі азаматтық бастамаларды жүзеге асыру үшін көрсеткен қолдаулары үшін алғысхат табыс етті.
Бұл шараның ұйымдастырылуы және оның нәтижелі болуына қосқан үлестері үшін олар өз ризашылықтарын білдірді.
Одан әрі Ақбұлақ ауылдық округінің әкімдігі қызметкерлері, кәсіпкерлер және аудан әкімдігі өкілдері Ақтау және Бірлік ауылдарында орналасқан ауыз су шығаратын кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорындардың жұмыс процесін зерттеу арқылы олар ауыз су өндірісінің тиімділігін, өнім сапасын және бизнес үлгісін көруге мүмкіндік алды. Бірлік ауылында орналасқан «Феррум контракт» ЖШС-нің директоры Данияр Серікұлы кәсіпорынның жұмыс процесімен таныстырып, кездесуде өндіріс саласындағы қиыншылықтар мен шешімдер туралы айтып берді.
Ол сондай-ақ, кәсіпорынның жұмысын оңтайландыру үшін қолданылып жатқан технологиялар мен әдістерді де атап өтті.

«Бөрлі ауданындағы Ақбұлақ ауылының табиғи ресурстары өте бай, оның ішінде су көздері де бар. Біз бұл ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуды мақсат етіп отырмыз. Осы мақсатта біздер бірнеше ұсыныстар жасадық. Соның бірі – ауыз су шығаратын цех ашу болды. Ауылдың өзінде су көздері баршылық. Осындай цех ашылса ауылдың бизнесін дамыту жолында үлкен мүмкіндіктерге жол ашылар еді. Бұл бастама тек ауылдың экономикасын ғана емес, сонымен қатар, жұмыс орындарын құруды да көздейді», – деді «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова.
Кәсіпкер Қыдырәлі Бисенов те Ақбұлақ ауылында су шығару өндірісін бастауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Ол Ақтау мен Бірлік ауылдарындағы кәсіпорындардың жұмысын көріп, олардың тәжірибесін өз ауылына енгізу туралы ойларымен бөлісті.
«Бүгін біз Тасқала ауданындағы Ақтау және Бірлік ауылдарында болып, ауыз су шығаратын кәсіпорындардың жұмысын көрдік. Біз Ақбұлақ ауылынан келген кәсіпкерлер ретінде осындай бизнесті бастауға қызығушылық танытып отырмыз. Оның үстіне өндіріс процесін өз көзімізбен көріп, тіпті дайын өнімнің дәмін де татып көрдік. Судың сапасы өте жоғары екен», – дейді кәсіпкер.
Бұл кездесу қатысушыларға бөтелкеленген су өндірісінің артықшылықтары мен қиыншылықтарын түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар ауылдық жерде осындай бизнес түрлерін дамыту үшін қандай ресурстар мен қолдаулар қажет екендігі туралы да маңызды ақпараттар алды.
Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы