14.12.2024, 15:45
Оқылды: 29

Оралда №31 орта мектеп ашылды

Бүгін Орал қаласында жаңадан салынған №31 орта мектеп пайдалануға берілді.

IMG-20241214-WA0053Фото авторы: Мәди Салық

Білім ошағының құрылысын жергілікті мердігер компания «Альтаир» ЖШС жүргізді. Төрт қабатты, үш блоктан тұратын мектеп 400 орынға есептелген. Мектепте 47 бейнебақылау жүйесі, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік қызметтері орнатылған.

IMG-20241214-WA0052

– Бүгін Орал қаласының тұрғындары үшін ерекше күн. Балаларымызға жаңа №31 мектептің ғимараты қолданысқа берілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, алдымен, баршаңызды еліміздің ұлық мерекелерінің бірі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деген еді. Себебі еліміздің дамуы мен болашағы білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты өскелең ұрпағына байланысты. Сондықтан да жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенері сөзсіз. Облыста соңғы екі жылда 22 жаңа орта мектеп бой көтерді. Атап айтқанда, былтыр 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Биыл 6 мектеп салынып, аяқталуда. Сонымен бірге «Жайлы мектеп» жобасы аясында  6 мектептің құрылысы 2025 жылы жалғасады. Сондай-ақ екі жыл ішінде облыс бойынша 7 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасымен тек білім саласында ғана атқарылған жұмыстар. Солардың бірі білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынған №31 мектеп бүгін қолданысқа берілмек. Бұл 400 орындық білім ордасы заманауи құралдармен және технологиялармен жабдықталған. Балаларымыз білім нәрімен сусындап, ақылды, отансүйгіш, рухы мықты азамат болады деп сенемін, - деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев оралдықтарды қуанышымен құттықтап, жетістікке жету жолында толағай табыс тіледі. Сонымен бірге өңір басшысы қысқа мерзімде, бір жыл ішінде құрылысты аяқтаған мердігер компанияның құрылтайшысы, еңбек ардагері Александр Потиченкоға алғысын білдірді.

IMG-20241214-WA0054

Өз кезегінде сөз алған Александр Потиченко мектеп құрылысын наурыз айында бастап, жыл соңына дейін аяқтауға бар күштерін салғанын атап өтті. Оның айтуынша, компания 33 жылдың ішінде өңірде 150-ден астам нысан салған. Жаңадан ашылған бұл мектеп олар тұрғызған – 14-ші білім ошағы. Ардагер құрылысшы өздеріне сенім білдірген облыс басшысына, қолдау көрсеткен құрылыс басқармасы мен техникалық бақылау компаниясына ризашылығын жеткізді. Білім ұясының символикалық кілтін мектеп директоры Гүлзада Файзуллинаға табысталады. Мектеп оқушылары ата-аналарының атынан сөз алған Гүлнар Қажымова осындай қуаныш сыйлаған Мемлекет басшысына, облыс әкімі мен құрылысшыларға алғысын айтты. Салтанатты жиында мектеп лентасы қиылған соң, өңір басшысы бастаған қонақтар сыңғырлап тұрған мектеппен танысты.

IMG-20241214-WA0058

Шаһардағы №31 жалпы білім беретін мектеп алғаш рет 1961 жылы ашылған. 2020 жылы мектеп ғимараты техникалық қорытындыға сәйкес апатты деп танылып, сүрілді. «Су жаңа мектепте 415 оқушы екі ауысымда оқиды. Қазақ сыныптарында – 165 оқушы, ал орыс сыныптарында 250 бала бар. Мектеп алды даярлық тобында – 29, бастауыш сыныпта – 178, ал 5-9 сыныптарда – 184, 10-11 сыныптарда 24 бала оқиды. Отыз шақты мұғалім қызмет етеді», - деді мектеп директоры Гүлзада Файзуллина.

IMG-20241214-WA0057

Ясипа Рабаева

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале