Индонезия астанасы Джакартада дүниежүзілік аралас жекпе-жек қауымдастығының (Global Association of Mixed Martial Arts) қолдауымен ересектер арасындағы «Gamma World MMA Championships 2024» ММА-дан әлем чемпионаты аяқталды.
Қазақстан құрамасы 9 алтын, 3 күміс және 7 қола медальге ие болып, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Олардың арасында оралдықтар да бар.
20 жастағы Мейрамбек Аубакиров 74, 9 келі салмақта биыл екінші рет әлем чемпионы атанса, 22 жастағы Темірлан Айтимов 83, 9 келіде қола жүлдені жеңіп алды.
Былтыр Мейрамбек Тайландта өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған болатын.
Жерлестеріміз кеше ғана Оралға келді.
– Аралас жекпе-жек әлемде ең қарқынды дамып тұрған спорт түрі. Жанкүйерлері де, спортшылары жағынанда сұраныста тұр. Біздің елімізде де өте қарқынды дамып келе жатыр. Әлемнің 66 мемлекеті қатысқан тартысты додада жауынгерлеріміз топ бастады. Алда әлі де талай белесті бағындыратынымызға сенімдімін. Елімізде осы спорт түріне мемлекет қолдау көрсетсе қаншама өрендеріміз көк байрағымызды әлемдік додаларда желбірететіні сөзсіз. Жалпы жарыс мықты дәрежеде өтті деп ойлаймын. Әр елдің үздіктері келді. Қазақстан құрамасында Орал қаласынан ересектер арасында төрт жауынгер шайқасса, 18 жасқа дейін үш бала барды, - дейді спортшылардың жаттықтырушысы Марат Шерғалиев.
Балалар арасында Ахмад Болатжан ІІІ орын алса, Муслим Болатжан финалға шығып, Украина елінің жауынгеріне төтеп беріп ІІ орынға ие болған.
– Осы жарысқа баруға демеуші болған Қазақстан Республикасының ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиевқа, ҚР Панкратион федерациясының президенті Сағындық Мекеевке рахмет айтқым келеді. Шәкірттерімізге жоғары деңгейдегі жарыста өнер көрсетуге мүмкіндік берген ата-анасы, аға-бауырына алғыс білдіремін.
Келесі әлем додасы 2025 жылы маусым айында Бразилианың Сан Паулу қаласында өтеді. Осы додаға дайындық бастаймыз, - деді жаттықтырушы.
Динара Насыр
zhaikpress.kz