Батыс Қазақстанда полиция қызметкерлері із-түссіз жоғалған 22 жастағы қызды аман-есен тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сурет: Polisia.kz
16 желтоқсанға қараған түні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында 22 жастағы бойжеткен үйден шығып, белгісіз бағытқа бет алған. Ата-анасы алаңдаушылық білдіріп, қызын табу үшін полицияның көмегіне жүгінген.
Сағат 22:00-де Теректі аудандық полиция бөліміне қызын жоғалтқан анадан хабарлама түскен сәтте-ақ, барлық жеке құрам дереу іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Оған қоса, іздеу жұмыстарына әкімдік қызметкерлері, азаматтық қорғаныс өкілдері және жергілікті тұрғындар белсенді түрде атсалысты.
Полицейлер далалық жерлерге ерекше назар аударып, түнгі уақытта кең аумақты мұқият шолып шықты. 7 сағатқа созылған іздеу нәтижесінде таңғы сағат 5 шамасында бойжеткен өз үйінен 15 шақырым қашықтықтағы далада, Ақсай қаласына қарай бет алып бара жатқан жерінен табылды.
Қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қатты аязға қарамастан, үсік шалу белгілері байқалмаған. Оған полиция қызметкерлері дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне жеткізді. Қазіргі уақытта бойжеткен анасының жанында, жағдайы жақсы.
Полиция департаменті азаматтарға төтенше жағдайларда уақытылы әрекет етудің аса маңызды екенін ескертеді. Сондай-ақ, іздеу операцияларында жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен тұрғындардың ынтымақтастығының ерекше рөл атқаратынын атап өтті.