Шекараға жақын орналасқан ауылдық округтерде қоныс тойы жалғасып жатыр. Бұл жолы жаңа баспананың кілті Чиров пен құрманғазылықтарға табысталды. Чиров ауылдық округінде 4 жаңа баспана кілті 8 жанұяға ұсынылды. Жаңа үйлер 80 шаршы метрді құрайды, барлық қажетті инженерлік коммуникациялар жүйесімен жабдықталған.
Салтанатты рәсімде сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов игі жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған Жолдауы негізінде жүзеге асырылуда екенін айтып, жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.
– Тұрғын үй алу – адам өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылдарды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда біз елді мекендерді көркейту, абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарудамыз. Бұл ең алдымен, ауылдарды сақтап қалу үшін маңызды. Алдымен ауылдарға кіреберіс жол тартылып, ішкі жолдар жөнделді. Қазір үйлер салып, кезекте тұрған көп балалы отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топ өкілдеріне ұсынып жатырмыз. Тұрғын үй құрылысын келесі жылы да жалғастыру жоспарланған. Бұл – жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсартып, шекара маңындағы аймақтарды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа үйлер иелері үшін заманауи әрі жайлы жаңа өмірдің бастамасы болсын. Әр шаңырақтың іші шаттыққа толсын, - деді Марат Лұқпанұлы.
– Біз Садовый ауылында тұрып келдік, ол жаққа 2001 жылы қоныс аударған едік. Бүгін міне, отбасымыз үшін үлкен қуанышқа куә болып отырмыз. Бес баламыз бар: үлкені студент, ал үшеуі мектепте оқиды. Бұл қуанышты күнді жолдасымның талай жыл кезекте тұрып, табандылық танытқанының нәтижесі деп білеміз. Чиров ауылындағы осы үйді таңдадық. Қолымызда анам бар. Өзім құрылыс саласында еңбек етемін, сондықтан үйдің сапасын жақсы бағалай аламын. Осындай мүмкіндікті сыйлаған мемлекетке, барша жанашыр жандарға алғысымыз шексіз! Жаңа баспанада жарқын күндеріміз көп болғай, - дейді отағасы Марат Ожаков.
Дәл осындай қуанышқа құрманғазылықтар да кенелді. 2 пәтерлі 80 шаршы метрлік 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, Диана Сарбасова, Лунара Адилова, Жібек Саатиева, Ақгүл Меллатова, Гулимхан Рахимова, Асима Бергеналиева, Гульнара Голованова баспаналы болды. Барша қуаныш иелеріне нысандардың құрылысын жүргізген «ЖБК Строй» мердігер компаниясы кілем сыйға тартты.
– Чувашка ауылында ата-енеммен бірге тұрдық. Құрманғазы ауылына қыркүйек айында көшіп келдім. 3 ұлым, бір қызым бар. Екеуі мектеп жасында, екеуі балабақшада. Жолдасым құрылыста маусымдық жұмыста істейді. Өзім ауыл әкімдігіне уақытша жұмысқа орналастым. Осылай көпбалалы отбасыларды қамқорлығына алып, үймен қамтамасыз етіп жатырған мемлекеттік бағдарламаның игілігі деп білеміз. Осыған ықпалдасқан жандарға алғыс білдіремін, - дейді Құрманғазы ауылының тұрғыны Гүлімхан Рахимова.
Айта кетелік, жаңа көшіп келушілердің нәтижесінде Чеботарев мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің қазақ сыныбы 10 оқушымен толыққан. Ал биыл ауданда кезектегілерге арналған осындай 54 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оларды салуға мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы