18.12.2024, 11:15
Оқылды: 31

Батысқазақстандықтар халықаралық FIS жарысында топ жарды

Желтоқсанның 1-і мен 17-сі аралығында еліміздің жас шаңғышылары Финляндияның Иматра қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Былтырғы жылғы және биыл жазғы роллер жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен, бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарында болған шаңғышылар ғана қатысқан жаттығу жиынына өңірдің Бөрлі және Бәйтерек аудандарының шаңғышылары барды.

686c4a8f-8862-4da1-8fa2-16ea5cc36b20

Екі аптадан астам уақыт әлем кубогі, әлем шемпионаттарының жеңімпаз, жүлдегерлерімен бірге жаттығу өткізген облыс шаңғышылары алдымен әлем кубогі кезеңіне қатысты. Ол сында бөрлілік шаңғышылар жақсы өнер көрсетті. Өз қатарластарымен шеберлік сынасқан Ислам Сағынәлиев шәкірттері арасында Арын Тәжібаев, Айя Мамишова, Анастасия Соколова 4-орын иеленсе, Лейла Мұқатова мен Жанерке Тудахунова 6-орыннан көрінді. Әлем кубогінде ересектермен күш сынасқан бәйтеректік Еділбек Елубаев пен Дамир Қабекесов үздіктер қатарына іліге алмады.
Шәкірттерімен бірге Суоми еліне барған бапкер Ислам Сағынәлиевтің айтуынша, өңір шаңғышыларының басты додасы – ай соңында өтетін ел шемпионаты. Ал Финляндиядағы жарыс сол бәсекеге дайындықтың бір кезеңі екен.

Оқу-жаттығу жиынының соңында Еділбек Елубаев пен Дамир Қабекесов Финляндияның Хакунила қаласында өткен халықаралық FIS жарысында ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. FIS жарыс дегеніміз – халықаралық додаларға қатысуға қосымша ұпай беретін бәсі биік дода. Әлем кубогінде ересектермен тайталасып көрген жас шаңғышылар өз қатарластарымен шыққан сайыста сенімді өнер көрсетті. Еркін әдіспен 10 шақырымға жарысқан қос шаңғышы жеңіс тұғырының бірінші және екінші орнын бөлісті.

Еділбек Елубаев алтыннан алқа тақса, Дамир Қабекесов күміс медальға ие болды. Елге оралған соң облыс шаңғышылары әлем шемпионатына іріктеу кезеңінде бақ сынайтын болады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале