18.12.2024, 17:45
Оқылды: 10

Оралда Отарәлі Бүркіттің туғанына 70 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Отарәлі Бүркіттің туғанына 70 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара ғалымның лингвистикалық мұрасы мен қазақ филологиясының қазіргі мәселелерін талқылауға арналды. Конференцияға отандық  және шетелдік ғалымдар, тіл жанашырлары мен студенттер қатысты.

М Салық1 (2)

Шара аясында жаңартылған «Түркітану» дәрісханасы таныстырылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға профессордың шәкірттері бастамашы болған. Конференция басталар алдында қатысушылар жаңартылған аудиторияға экскурсия жасап, оркестр орындаған күйлерді тыңдап, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Конференцияның ашылу салтанатында М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің деканы, философия докторы (PhD) Айдарбек Ақболатов жиынды тізгіндеп, алғысөз сөйлеп, университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық  байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов баяндамашыларға сәттілік тіледі. Шара барысында профессор Отарәлі Бүркіттің өмірі мен ғылыми қызметін ұлықтауға арналған «Оралдың Отаны» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жинаққа әріптестері мен шәкірттерінің жылы естеліктері, сондай-ақ ғалымның еңбектері мен ұстаздық қызметі туралы материалдар енген.

М Салық1 (1)

Пленарлық мәжілісте Қазақстанның, сондай-ақ шетелдің белгілі ғалымдары сөз алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнол-Ғабден Бисенғали, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы және Батыс Қазақстан инновациялық-технологоиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр өз тақырыптарында баяндамалар оқып, естеліктерімен бөлісті. Бұған қоса Түркияның Анкара қаласынан профессор Hülya Kasapoğlu Gengel мен Башқұртстаннан доцент Зулайха Хабибуллина конференцияға онлайн режімде қосылып, өздерінің ғылыми тұжырымдарын ұсынды. Олардың баяндамалары халықаралық тәжірибе алмасуға ықпал етті.

Шара барысында ғалымның зайыбы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлдай Ержанова және ұлы Ұлан Бүркітұлы сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ ғалымның өмірлік серігі мен ұл-қыздарына, немере-жиендеріне құрмет көрсетіліп, шара ерекше жылы шыраймен аяқталды.

Отарәлі Бүркіттің 70 жылдығына арналған бұл конференция ғалым мұрасының мәңгілік екенін көрсетіп, қазақ филологиясының дамуына қосқан үлесін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале