Жуырда Астана қаласында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атты патриоттық байқауы өткізілген болатын.
Сол конференцияда шыңғырлаулық Бекболат Файзуллин «Жылдың үздік қоғам белсендісі» аталымымен марапатталып, мерейі үстем болды.
Ақбұлақ ауылының Тасмола мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Бекболат Файзуллин – өте жан-жақты азамат. Ол – аудан көкпаршыларының басын қосқан, облыс, республика көлеміндегі додалардың жеңіс тұғырынан көрініп жүрген «Бөкенбай батыр» командасының жаттықтырушысы, ұлттық спортты әркез дәріптеп, қолдап жүретін белсенді азамат, білікті бапкер.
Ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, талай жетістіктерге жетіп, аудан мерейін асқақтатып жүр. Сын сағаттарда да аянып қалмай, кез келген іске білек сыбана кірісіп кететін еңбекқор, қайырымды жан.
Елорда төрінде алған марапаты, еңбегі ел аузында жүрген, жетістіктері көпке үлгі, ауыл мақтанышы Бекболат Файзуллиннің лайықты марапаттарының бірі деп білеміз.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы