18.12.2024, 0:00
Оқылды: 68

Теректілік Қажет Джалитов республиканың 57 мұғалімінен үздік атанды

Футбол жаттықтырушысы болу, сонымен қатар мұғалімдік қызметті арқалап жүру жауапты және күрделі міндет екені белгілі. Бұл саланың маманы тек ойыншыларды жаттықтырумен ғана шектелмей, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуге тиіс.

Осы тақырып төңірегінде сөз қозғасақ, Теректі ауданындағы Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қажет Джалитовтың еселі еңбегі алдымыздан шығады.

IMG-20241217-WA0096

Ол бүгін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өткен «Креативті мұғалім – табысты оқушы» республикалық конкурсында еліміздің барлық өңірінен қатысқан 57 мұғалімнен оқ бойы оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Қажет Кәрімұлының шәкірттері талай додада топ жарып, ол жаттықтырған әр түрлі жастағы жас аяқдопшылар «Ақжайық», «Бәйтерек» футбол клубтарының талантты ойыншылары болып үлгерген.

Білім ордасында 22 жыл бойы тер төгіп келе жатқанының өзі азаматқа тән тұрақтылық һәм мамандыққа деген адалдық деуге әбден болады. Бүгінгі таңда педагог-зерттеуші қатарындағы білікті ұстаз «Қазақстан футбол федерациясына 30 жыл» төсбелгісінің иегері, үміт артқандары Астана қаласында өткен футболдан республикалық «Балдәурен» ұлттық мектеп лигасы жарысында 1-орынға қол жеткізген.

– Футбол жаттықтырушысы болу және оқушылармен тығыз байланыста жұмыс істеу жеке өзіме шабыт сыйлайды. Олар бағындырған асу – мен үшін үлкен қуаныш! Көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеттер, шыдамдылық және аналитикалық ойлау жаттықтырушының табысты қызметі үшін қажет қасиеттер. Сондай-ақ ойыншылардың мотивациясын арттыру, командалық рухты қалыптастыруда қолдау көрсету жаттықтырушының маңызды міндеттерінің бірі, - деді Қажет Джалитов.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале