Теректі ауданының Долин ауылындағы ұлан-асыр той, риясыз шаттық жалғасын табуда. Күні кеше долиндіктерге фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілсе, бүгін екі пәтерлік жеке тұрғын үйдің ашылу салтанаты өтті.
«Қазақстан - 2050» стратегиясы — елдің ұзақ мерзімді даму жоспары. Оның басты мақсаттарының бірі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, соның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу.
Стратегияның негізгі бағыты халықтың аз қамтылған топтарын қолдайды.
Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға, жастарға және мүгедектерге арнап арендалық тұрғын үйлер салу бағдарламалары іске асырылады. Бұл шаралар Қазақстан халқының баспанаға қолжетімділігін арттыру арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен елдің жалпы дамуын қамтамасыз етуді көздейді.
Міне, осы бағыттағы қарқынды жұмыстың дағдарып қалмағанын айқындаған ашылу салтанатына Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев қатысты. Долиндік ағайынға жылы лебізін арнаған Әлия Биғазықызы жеке тұрғын үйді аз ғана уақыт ішінде сапалы аяқтаған Арнұр Шоқпановқа ризашылығын білдірді. Екі пәтерлік үй Жас Ұлан көшесінде орналасқан. Жалпы аумағы 160, 5 шаршы метрді құрайды.
Бұл үйді алған кейуана Рәзия Темірғалиева осы уақытқа дейін құлаудың аз-ақ алдындағы баспанада тұрса, Сәуле Мұсаева ұзақ уақыт пәтер жағалап жүрген.
– Айналайындар, ауыл халқына көңіл бөліп, ел бесігін дамытуда білек сыбана іске кіріскен ниеттеріңе берсін! Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алатын болдық,- деді Рәзия әжей.
Аудан өнерпазы Кәмшат Қадырғалиев дәл осы қуанышты суреттейтін «Ауыл жатыр той жасап» әнін шырқады. Айналаны ақ қар басты. Дәл ауыл тұрғындарының аппақ пейіліндей дерсің!
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы