19.12.2024, 21:30
Оқылды: 424

Теректіде емхана аяқталып, көңіл де тоят тапты

Зулап жатқан ғұмырда, жұмыс пен отбасы арасында емен-жарқын, өзіңе сенімді һәм денің сау болып жүргенге не жетсін, шіркін?! Десек те, ет пен сүйектен жаратылған соң бас ауырып, балтыр сыздайды. Әсіресе қытымыр қыста «ұйықтап жатқан» аурудың күші үдей түсетіні бар. Тұмау дейміз, әртүрлі вирустар дейміз... Қалай алғанда да емхана жағалаймыз, дәрігерлердің кеңесіне жүгінеміз. Осы орайда емхананың қызмет көрсетуі, соған сай құрал-жабдықтармен қамтылуы, ғимараттың заманауи деңгейде болуы сіз бен бізге өте маңызды екенін жасыруға болмас.

жп мед теректи (1)

Мұны назарда ұстап, жіті бақылауына алған Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтауды жаңғырту жобалары аясында ауыл халқына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру, өңірлерде медициналық нысандарды салу міндеті жүзеге асырылуда.
Бүгін теректіліктер біраз жыл күткен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан тұрғандарына арналған жаңа емхананың ашылу салтанаты өтті.
Бұған дейін құрылысы тоқтап тұрған нысанның есігі айқара ашылып, маңдайшасындағы менмұндалап тұрған жазуы сонадайдан көз тартты.

Ашылу салтанатына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты. Ортадан басқарма басшылары, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудан жұртшылығы мен ардагерлері және ғимараттың құрылыс жүмысын жүргізген «Ондасын СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бердіқожа Боранбаев табылып, мерейді өсірді.
- Өздеріңізге белгілі, медицина саласында облыс әкімдігі бірқатар жұмыс атқаруда. Ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейтін еді. Ол мәселе де ретімен шешімін табуда. Биыл 131 маман келді. Ауылға барған дәрігерлерге 5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін көтермеақы берілді. Сондай-ақ оларға қызметтік үйлер де салынды. Ауылдағы ағайын екі ортада сенделмесі үшін жедел-жәрдем көліктерін де табыс еттік. Мұның барлығы ел бесігі үшін, жауапты саланының құлашын сермей дамуы үшін жүзеге асқан игі істер. Осы сынды жұмыстар әлі де жалғасын тауып, ел игілігіне жол тартады,- деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде.
Аудан тұрғындарына ақ тілегін жаудырған Нұрбек Қуанәлиұлы Теректі аудандық ауруханасының директоры Дархан Хайрушевке емхананың кілтін табыстады.
Содан соң денсаулық сақтау саласында 50 жылдан астам уақыт тер төккен Алексей Мищенко ағынан жарылып, қуанышпен құттықтады. Ардагердің айтуынша, бұрын қонақүй болған емхана ғимаратының әбден тозығы жеткен. Ол жаңа әрі соңғы үлгідегі емхананың дер кезінде бой көтергеніне дән риза.

470696588_2783415421840334_3808474593233369511_n

Лента қию мәртебесі Нариман Төреғалиев пен медицина саласының ардагері Алексей Александрұлына берілді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қуанышқа ортақтасқан теректілік ағайынның жүзі бал-бұл жайнады.
Айта кеткен жөн, ғимараттың жалпы ауданы 5626 шаршы метрді құрайды. Емхана орталықтандырылған су және автономды жылытумен заманауи газдандырылған. Қажетті медициналық қондырғылармен, жиһаздармен, ұйымдастырушылық техникамен жабдықталған. Емханада сауықтыру, сәулелік диагностика, физио, профилактика бөлімшелері, зертхана, күндізгі стационар және әйелдерге кеңес беруге арналған бөлім бар. Барлығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Нақтырақ айтсақ, эксперт класындағы ультрадыбыстық аппарат, мамограф, 12 арналы электрокардиограф, видеогастроскоп, видеокольпоскоп, зертханалық, физиотерапиялық, стомотологиялық құрал-жабдықтар, кардиохирургиялық бақылау кешені, рентгендік кешен, емдік жаттығу кешені және кинезотерапиялық қондырғылар бар.

жп мед теректи (3)
Емхана бөлмелерін Дархан Манарбекұлы таныстырып, аталған құрал-жабдықтарға кеңірек тоқталды. Дәрігерлердің де жүзінен байқалған қуанышты көріп, жалпы тәжірибелі дәрігер Гүлімхан Қуанаеваның да пікірін сұрадық.
- Жалпы медицина саласы күрделі әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Менің бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма алты жыл болды. Әлі де шыңдалудамын. Жастар дәрігерлік жолды таңдап, қатарымыз көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Оған мемлекет тарапынан да айрықша көңіл бөлінуде. Ал бүгінгі оқиға аудан үшін тарихта қалатындай. Өйткені осындай кең, зәулім орталықта алаңсыз еңбек етуге әбден болады. Ең бастысы тұрғындардың денсаулығы мықты болғай. Оған барымызша тырысамыз,- деді өз сөзінде.

Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале