Сырым ауданында «Өнегелі өмір жолы» атауымен «Социалистік Еңбек Ері», «Еңбек Қызыл ту», «Ленин», ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 110 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ақын, жазушы Дариға Мұштанованың елі құрметтеген аңыз адамның өмір жолын баян еткен «Кенжақаң» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.

Жастарымыздың тарихи танымы мен рухани сана-сезіміне тәрбиелік жол ашқан бүгінгі шараға кітап авторы Дариға Мұштанова, Кенжебек Меңдәлиевтің қыздары Дина, Меңдәлиева, Разия Ермағамбетова, Сырым ауданының құрметті азаматы Құсайын Бахтиярұлы, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайыралиев, Жалпақтал ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешов, ақын, журналист Қыдыр Харесұлы және аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов және Кенжебек Меңдәліұлының аудандағы туыстары, саналы жастар мен оқырман қауым қатысты.
Шара барысында ең алдымен Кенжебек Меңдәлиевке арналған көрме таныстырылымы өтіп, айтулы тұлға туралы «Ақжайық» телеарнасының арнайы дайындаған «Еңбегі ерен ер еді» атты деректі фильмі көрсетілді.

Одан кейін ақын, жазушы Дариға Мұштанова жаңа кітаптың шығу тарихын әңгімеледі. Әрі қарай кітап туралы өз ойын білдіру үшін сөз кезегі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырым елінің құрметті азаматы, Махмет Қажиахметов және еңбек ерінің көзін көрген Қазақстанның «Құрметті байланысшы» атағының иегері, Сырым ауданының құрметті азаматы Тажмұқан Сыдық, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, Қадыр Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғабдіқұл Арман сөз алып, өз ойларымен бөлісті.
Еңбек ерінің қыздары Дина Кенжебекқызы мен Разия Кенжебекқызына сөз беріліп, Еңбек ерінің барлық ұрпақтары атынан шексіз алғысын жеткізді.Әрі қарай, кезек әнге беріліп, дәстүрлі әнші, сазгер, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаты Армат Алдамжаровтың орындауында Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған «Ағаларым» әні орындалып, арнау өлеңдер де оқылды.
Кеш соңында құттықтау сөз Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовқа және Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайыралиевке жолданып, Дариға Ғазезқызы аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы