Бүгін «ΑΜΑΝΑΤ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев Жәнібек ауданына арнайы іссапарымен келді.
Аудан әкімдігінде өткен аталған партияның Жәнібек аудандық филиалының партиялық актив отырысына аудан әкімі Тимур Шиниязов, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымының төрағалары қатысты. Отырысты «ΑΜΑΝΑΤ» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиевтың өзі төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Алдымен аудан басшысы сөз алып, Азамат Сафималиұлына «қош келдіңіз» айтып, Б.Қуанәлиев баяндаған аудандық партия филиалының 2024 жылда атқарған партиялық жұмыстарының есебін тыңдады.
Біржан Қайырғалиұлының сөзіне сүйенсек, еліміздегі ең ірі саяси күш саналатын «ΑΜΑΝΑΤ» партиясының аудандық қоғамдық қабылдау бөлмесі мен аудандық депутаттарының көмегіне 161 азамат жүгінген боса, соның 66 өтініші оң шешімін тапты.
– Өтініштердің басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй мәселелерімен байланысты. Сонымен қатар аудандық филиал жанында партиялық бақылау жұмыстарын жүргізу шеңберінде құрылған партиялық бақылау комиссиясы ауданда жүріп жатқан құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарының жүзеге асырылуын үнемі бақылауда ұстайды, - деген партия басшысы «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының атқарылу барысы мен нәтижелері жөнінде айтып өтті.
Мысалы, мақсатсыз пайдаланылып отырған жерлерді қайтаруды мақсат еткен «Жер аманаты» жобасының арқасында биыл аудан бойынша 5000 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды.
Белсенді түрде қозғалып, халықты бір көтеріп қойған, алайда бір қайнауы бар «шикі жоба» деп аталып жүрген «Ауыл аманатының» құжаттары болса әлі қаралуда-мыс. Негізі алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы ауданымызға деп аталған жоба аясында 307,2 млн теңге қарастырылған-ды. Алайда, біздер әлі 2023 жылдағы 53 адамның алған несиесін жыр етіп жүрміз. Дегенмен, партия мүшелерінің мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы сынды бірқатар жобалар аясында да атқарған жұмыстарын да жоққа шығаруға болмайды.
Жалпы аудандық филиалда 1417 партия мүшесі бар, олар 12 бастауыш партия ұйымына біріктілірген, төртеуі аудан орталығында, қалғаны ауылдық округтерде. Жыл басынан бері 84 адам өз өтініші бойынша партия қатарын толықтырды. Баяндамадан соң Азамат Сафималиұлы партия қатарында аты болғанымен көлеңкесіде көрінбейтін «аманаттықтарды» шығарып тастау жөніндегі ойын айтып кетті.
Содан соң «AMANAT» партиясы БҚО филиалының бөлім басшысы Ажар Нұралы сөз алып, аудандық партия филиалының 10 айдағы жұмысына жасалған сараптаманы таныстырып өтті.
– Жәнібек аудандық партия филиалының жұмысы аудан көлемінде тек филиалда жұмыс жасайтын екі адамға ғана байланысты емес, оның құрамына кіретін бастауыш партия ұйымдары, депутаттық фракция мүшелері және барлық партия мүшелерінің белсенділігінен құралады. Осы сәтті пайдалана отырып, қоғамдық негізде партия жұмысын жүргізіп келе жатқан бастауыш партия ұйым төрағалары мен фракция мүшелеріне алғысымызды білдіргіміз келеді, - деді өз баяндамасын бастай сала.
Аз-мыз кемшіл тұстарды көрсетіп өткен Ажар Алтынбайқызы Жәнібек аудандық партия филиалы орталық ақпараттағы есеп беру кезінде де жақсы көрсеткіш көрсететін аудан екенін баса айтты.
«Ауыл аманаты» партиялық жобасының Жәнібек ауданында орындалуы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев баяндаса, «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының Жәнібек ауданында орындалуы жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов ақпарат берді. Ол жөнінде газетіміздің алдағы санында толығырақ баяндайтын боламыз.
Актив отырысына қатысушылар тарапынан ұсыныстар болмады. Алайда қойылған сұрақтар талқыға түсіп, жауапты мамандар өз жауаптарын беріп жиналыс қорытындыланды.
Арай Сейфолла
Суретке түсірген автор
Жәнібек ауданы