24.12.2024, 11:15
Оқылды: 186

Сыртқа өнім өткізуге не кедергі?

Облыс әкімдігінің  «Астана»  залында  Сауда  және  интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.  Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жүргізіп отырды.

DSC08207

Сурет: Мәди Салық

Жиында ведомство басшысының орынбасары саланың даму барысымен, жұмыс жоспарымен таныстырды.

Ел экономикасының 18 пайызын сауда құрайды. Сондықтан бұл салаға назар ерекше. Бизнес нысандарының 36 пайызы саудамен айналысады. Бұл салада 1,5 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Былтыр саладағы инвестиция көлемі 12%-ға өсіп, 771,7 миллиард теңгеге жетті. 2027 жылға қарай негізгі капиталға 1,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланды. 2023 жылы сыртқы сауда 3,2 пайызға өсіп, 139,9 миллиард долларға жетті. Ал тауарлар мен қызметтердің экспорты 2,3 пайызға артты. 2024 жылдың 9 айында шикізаттық емес экспорттың номенклатурасы сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының 6 белгісі деңгейінде 3408 тауарға жетті, тауар шығару өрісі 135 елге дейін кеңейтілді. Электронды коммерцияның көлемі шамамен 2,4 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13 пайызға өсті. Жалпы, елімізде 644 базар бар. Оның 116-сы жол картасы бойынша жаңғыртылатын болады, – деді Қайрат Төребаев.

Басқосуда кәсіпкерлер  өнімді экспортқа шығару, отандық өндірісшілерді қолдау тетіктерін жетілдіру жайын қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды.  Кәсіпкер, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының өкілі Темірғали Ескендіров жылқы сату, етті сыртқы нарыққа өткізу жайын көтерді.  Қ. Төребаевтың айтуынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай нарығына ет экспорттау мәселесі бойынша біраз жұмыс атқарған. Қытайдың бас кеден басқармасымен келісімге келген. «Өнімді  сыртқа шығару үшін жергілікті өндірісшілер Қытайдан сертификаттаудан өтіп, мемлекеттік тіркелімге тіркелулері тиіс. Қазіргі кезде көптеген отандық компаниялар ет экспорттауды бастады.  Бүгінде Қытайда ет өнімдеріне баға күрт төмендеді. Өйткені ол елде сүтті сиырларды етке өткізуде. Осыған байланысты кей өндірісшілер ет шығаруды тоқтатты. Енді қазақстандық етке сұраныс өседі деп отырмыз. Қазақстан сиыр ауруы бойынша сыртқа ет шығара алмай келгені аян. Енді Қытаймен арадағы келісім бойынша бір өңірде мал ауруы шықса, басқа өңірлерден мал өнімдері шығарыла береді.  Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта әлі де жұмыстанады. Жылқы етін барлық елде тұтына бермейді. Франция, Швейцария елдеріне ет өткізу үшін сертификаттау ісі өте күрделі. Бірақ соған қарамастан бұл жұмысты қолға алдық. Олар нарықты бірден ашып тастамайды. Алдыңғы жылдары балық шығару мәселесі шешіліп, Еуроодақ елдеріне шығарылуда. Келесі мәселе – осы жылқының етін шығару түйткілін шешетін шығармыз», – деді Қайрат Қалмұқаметұлы.

«WORLD GREEN COMPANY» ЖШС директоры Мұрат Ибрагимов Ресейге томат өнімдерін өткізуге қойылған шектеу мәселесін көтерді. Бұл сұраққа сауда министрлігінің өкілі  аталған сұрақтың үкіметтік деңгейде қарастырылып, келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ директорының орынбасары Айбын Сисенов экспорттық құжаттамаларды алудың қиындығын, ұзаққа созылатынын айтты. Кәсіпкерлер тарапынан көтерілген кей мәселелердің өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктеріне қатысты екенін айтқан вице-министр әр мәселенің назарға алынатынын жеткізді. Министрліктің кәсіпкерлікті дамыту  бағытында жұмыстанып жатқанын әңгімеледі.

Сапар аясында вице-министр облыстың бірқатар өнеркәсіптік нысанында, «Жайық-Ет», «Стеклосервис», «World Green Company» ЖШС-ларында және «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ базасында болып,  өндіріс барысымен танысты.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале