24.12.2024, 13:00
Оқылды: 487

Оралда Аманкелді Шахиннің шығармашылық кеші өтті

Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығында «Қорғаймын!» деп қазақты...» атауымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, жазушы, ақын Аманкелді Шахиннің шығармашылық кеші өтті.

М Салык (1)

Рухани кешке келген облыстық  мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов қаламгердің поэзияда да, прозада да өзіндік орны бар  екендігін атап өтіп, кеш иесіне алғысхат табыстады. Сахнаға көтерілген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  Айтқали Нәріков көркем әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген  кеш кейіпкерінің еңбекқорлығына тоқталды.

– Бүгін біз өңірімізге танымал, сыйлы қаламдас азаматтың шығармашылық кешіне жиналдық. Көркем әдебиет пен журналистика бір медальдің екі жағы деп айтылады. Бірақ аудандық, облыстық газетте жұмыс істеу ауыр. Көбіне ақын-жазушылардың қанатын кеңге жайып, қиялға беріліп жеке шығармашылығымен айналысуға мүмкіндік болмайды. Содан да болар, талантты жігіттердің көбі қарым-қабілетін мақала жазуға жұмсады. Жігіттердің ішінде ілуде біреуі сол қиындыққа төзіп, әдебиетке деген арманын далаға тастамай, соны дамытып келді. Солардың бірі – Аманкелді Шахин, – деп сөзін сабақтаған Айтқали Нәріков қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.

Аманкелді Шахин алғашқы еңбек жолын Орта Азия – Орталық газ құбырының Қисыққамыс желілік бөлімшесіндегі «Союзгазэнергоремонт» өндірістік-техникалық кәсіпорнының көшпелі бригадасында автокөлік жүргізушісі болып бастаған. Кейін Жаңақала ауданындағы «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытында есепші, қатардағы жұмысшы, Жаңақала аудандық өрт сөндіру мекемесінде аутокөлік жүргізушісі болған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде тілші, яғни редакциядағы хат, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі болса, 1981 жылы облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке орналасқан. Редакциядағы ауыл  шаруашылығы, мәдениет бөлімдерінде тілші, агроөнеркәсіп, кеңес құрылысы бөлімдерінде меңгеруші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1998-2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотында жетекші, кейін бас маман болып еңбек еткен.

М Салык (4)

Сахнаға көтерілген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғайсағали Сейтақ қаламдас досына жыр арнады. Ал ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин ақынды мерейлі жасымен  құттықтап, әуелі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтаухатын табыс етті. Сосын Бауыржан Файзоллаұлы облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен мерейтойына орай Аманкелді Ғұбайдоллаұлына 100 000 теңге ақшалай сыйлықтың сертификатын ұсынды.

Шығармашылық кеште жетпіске толса да, қолынан қаламын тастамаған кеш кейіпкерінің шығармашылық жолы туралы әдемі естеліктер айтылды. Түрлі жанрда қалам тербеген қаламгердің өмір жолы ізденіске толы. Сахнаға көтерілген зиялы қауымның біразы Аманкелді Шахиннің «Сол бір сүргін» кітабын ерекше атап өтті. 2002 жылы жарыққа шыққан кітапта 1941 жылы құрылған Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауданындағы «Қазақ халқын құтқарушылар одағының» жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов бастаған он төрт боздақтың ерлігі туралы жазылған.

– Осы кешті ұйымдастырған Қадырсарайдың мамандары «Кештің атауын «Қорғаймын!» деп қазақты...» деп қойсақ қалай болар екен?» деп ұсыныс айтты. Бұл менің  еліміздің ақтаңдақтары жөнінде жазылған кітабымның аты еді. Шығармашылық ізденіс болсын деп, жолдарына бөгет болмадым. Мамандығым педагог болғанмен, ол салада қызмет істеген жоқпын. Қалай болғанда да, жазу жағына құштарлығым күшті болды. Журналистика саласындағы еңбек жолымды аудандық газетте тілшіліктен бастап, кейін облыстық «Орал өңірі» газетіне келдім. Сол кезде құқық қорғаушылар туралы көп жаздым. 1998 жылдары сот саласына қызметке ауыстым. Бұл жұмыста жүргенімде де қаламымды суытпай, «Батыс Қазақстан облыстық соты: қалыптасу және даму кезеңдері», «Батыс Қазақстан облыстық соты», «Батыс Қазақстан облыстық соты: соғыс және еңбек ардагерлері» атты  тарихи-танымдық кітаптар жаздым, – деп ой бөлісті кеш иесі Аманкелді Шахин.

Рухани кеште қаламгердің өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, ақын көрермендерге өз өлеңдерін оқып берді.

Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале