Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдени демалыс орталығында Дін және дәстүр сабақтастығы аясында «Бесікке салу ізгі дәстүр» тақырыбында бесік жырын айтудан қыз-келіншектер мен жас аналар арасында сайыс өтті.
Шара ғасырлар қойнауынан бастау алатын, бірақ өкінішке орай бүгінгі күнімізде ұмытылып бара жатқан «Бесік жырын айту» дәстүрін дәріптеу, ақ жаулықты әжелер мен жас аналар арасында насихаттау, ұлттық тәрбиені сәби кезінен бесік жыры арқылы сіңдіріп, қазақтың көне салт- дәстүрін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Жастарды отбасылық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатын көздеген байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші жеребе суырып реттік нөмір бойынша өзін таныстыру, бесік жырын айту (баланы бесікке бөлеп, көрініс көрсету), бесікке қатысты мақал-мәтелді жалғастыруы және бесік туралы қазақтың ырым-тыйымдары туралы сұраққа жауап беру сынды бөлімдерден тұрды.
Сайысқа Саралжын, Сулыкөл, Жусандыой, Қаракөл ауылдық округтерінен төрт қатысушы қатысты.
Сəбилерін тербетіп, бесік жырларымен залды əуелеткен аналарды ұстаз ардагер Илья Сәрсенғалиқызы, Мәруаш Рахметоллақызы, Қаратөбе аудандық Ұлттық сараптама орталығының зертхана меңгерушісі Гүлмира Кеңесқызы бағалап, төрелігін айтты.
Қазылар алқасы орындалған бесік жырларының әуезділігі мен мәтінінің мағынасына да мән берді. Нәтижесінде, бас жүлдені Қаракөл ауылдық округінен қатысқан Жұмазия Қалмағамбетова иеленді.
Ал жүлделі орындарды Сулыкөл ауылдық округінен қатысқан Анаргүл Ғауқарова, Жусандыой ауылдық округінен қатысқан Ақторғын Сейлахметова өзара бөлісіп алды.
«Көрермен көзайымы» аталымымен Саралжын ауылдық округінен Нұрсұлу Қомпақова марапатталды.
Қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріне қайта жан бітіруді көздеген шараны «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.