Шыңғырлау ауданында су сақтайтын қоймасы мен ауыз су берілуінің қысымын реттейтін су мұнарасы бар ауқымды нысан халық игілігіне берілді. Нысан құрылысын мердігер «Қалдығайты» ЖШС жүргізіп, маусым айында бастап, бүгінде уақтылы қолданысқа беріп отыр.
Шыңғырлау ауданы орталығын ауыз сумен қамтуда бірқатар мәселелер бар-тұғын. Қазір орталықта 2000 абонент су тұтынып отыр, қыстың кезінде тәулігіне 700-800 куб су пайдаланылса, жазғы күндері көлемі 1200 кубке дейін өседі.
Нәтижесінде, су тапшылығы пайда болады. Яғни, қолданыстағы су сақтайтын қойманың қоры тез азаяды, мұның соңы суды кестемен беру сияқты амалдарға көшуге әкеп соғып жүрді.
Бұл мәселе жайында аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев былай дейді:
– Ауыз тапшылығы су сақтайтын резервуарларды толтырып үлгере алмай қалатындықтан туындап жүр. Яғни, бұған дейін қолданыстағы аудан басындағы жалғыз 1300 кубтық су қоймасы еді. Жазғы тұтыну кезінде және кейбір жазғы-қысқы апатты жағдай немесе жөндеу жұмыстары кезінде су қоры тез түгесіледі де, оны толтырғанша халық сусыз қалып қоятын. Су резервуарын бірден толтыру оңай емес, себебі біздің су алатын көздеріміз орталықтан 30-50 шақырым жерлерде орналасқан. Осы себепті бізге қосымша тағы су қоймалары керек болатын.
Міне, «Қалдығайты» ЖШС-гі осы мәселені түбегейлі шешетін қосымша 1200 кубтық су қоймасы мен 100 кубтық су мұнарасын жасап беріп жатыр. Қазір бәрін қосқанда аудан басында 2700 кубтық су қоры бар. Бұл кейбір жөндеу жұмыстары кезінде де резервуарлардың бірінен халыққа су беріп, екіншісін толықтырып отыруға мүмкіндік береді және таза ауыз суы тоқтаусыз берілетін болады.
Нысанның ашылу сәтінде сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев бұл құрылыстың стратегиялық маңызының аса зор екенін, бұл аудан орталығында ауыз суын беруде үзіліс болдырмауға мүмкіндік беретінін, алайда алдағы уақытта су жеткізіп тұрған негізгі құбырларды жөндеу жұмыстарының қажеттігін айтып өтті.
Биылғы жылға аудан бойынша ауыз сумен қамтудың 4 нысаны, атап айтқанда, Ақсуат ауылына су беріліп, Қайыңды, Талдысай елді-мекендерінде су тазартатын кешенді блокты модульдер іске қосылды және алдағы 2025 жылы ауданды сапалы ауыз сумен қамтуды толықтай аяқтауымыз керек, - деді.
Ашылу салтанатында құттықтау сөзін арнаған коммуналды шаруашылық саласының ардагері Мақсот Жұмашев аудандағы су тапшылығын жоятын ірі құрылысты сапалы, жақсы аяқтап берген «Қалдығайты» ЖШС-гі ұжымына алғысын білдірді.
Нысан бірнеше қуатты насостармен, су қысымын реттеуші су мұнарасымен және қажет кезінде автоматты түрде қосылатын автономды электр қуатын беруші генератормен жабдықталған. 50 кВт/сағ қуатты генератор насостардың толық жұмыс істеуіне мүмкіндік береді екен.
Жалпы ауданды ауыз сумен қамтып отырған екі су көзі бар, бірі – 84 метр тереңдіктен шығып тұрған «Ардақ» су көзі, екіншісі – 30 метр тереңдіктен су беріп тұрған «Жаңакүш» су көзі. Қазіргі уақытта Ардақта су беруші 2 скважина, Жаңакүште 3 скважина жұмыс істеп тұр. Су көздеріндегі жалпы су қоры 27 жылға есептелген.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы