Бүгінде елімізде ана мен баланы қорғау мақсатында көптеген ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асып жатыр. Мұның барлығы біздің елімізде әйелдер қауымының орны биік екенін айғақтайды. Осы мақсатты ұстанған Бөкей ордасы аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі мен жергілікті Аналар кеңесінің мүшелері Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көпбалалы аналардың басын қосқан тағылымды кеш өткізді. Бұл шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аналар кеңесінің төрайымы Бибігүл Бектелеуова, еңбек ардагерлері Нәсіп Нүркенова, Сәния Нұралиевалар қатысты.
Шараның шымылдығы аудандық мәдениет үйінің әншісі Махамбет Қалыбаевтың әдемі әнмен түріліп, түрлі салада қызмет жасайтын жерлестеріміздің аналары туралы айтылған естеліктері экран арқылы көрсетілді. Бұдан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев, аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, Сайқын ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Бибігүл Бектелеуова ел демографиясына үлес қосып жүрген аналар қауымына жүрекжарды лебізін білдірді. М.Мәметова мектебінің психолог маманы Ботагөз Қайырхан қатысушыларға танымдық тренинг жүргізіп, қызықты ойын ойнатып, ана мен баланың көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Бұл кеште түрлі тақырып ортаға тасталды. Әлеужеліде кеңінен айтылып жүрген баланың психологиялық жағдайлары, тәрбиедегі қолданылатын әдіс-тәсілдер, т.б өзекті мәселелерге қатысты шақырулы меймандар да, аналар да өз пікірлермен бөлісті.
–Қазіргі таңда әлеужеліде негізсіз ақпараттар өте көп. Әсіресе, бала тәрбиесіне қатысты небір ақылға сыймайтын дүниелер көп айтылады. Әр отбасының бала тәрбиелеуде өзіндік әдіс-тәсілі болады, өйткені, әр баланың көзқарасы, мінезі, түсінігі әр қилы. Баланың психологиясын бүлдіріп аламыз деген желеумен аналар беттерінен қақпай, «жоқ» дегенді естіртпей өсіреді. Сәл есейген соң әлгі бала сол әрекетті анасына қарсы пайдаланады, - деген Лариса Тельманқызы бала тәрбиелеудегі кем-кетіктерге тоқталып өтті.
Өмірден көргені мен түйгені мол ардагер аналарымыздың әңгімесі де әсерлі болды. «Көп бала көгергенімізге жақсы» - дейді бабамыз. Құдай тағаланың әйелге нәсіп еткен ең ұлы нығметі ана болуы ғой. Қарадомалақтарымыздың қатары көбейіп, тәрбиелі, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоса беріңіздер»,- деп ақ тілектерін арнады әжелеріміз.
Шара соңында «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің атынан барлық қатысушыға сый-сыяпаттар табысталып, естелікке суретке түсті.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы