Сырым ауданының орталығы Жымпитыда жаңа оқу орталығы ашылды. Қосымша білім беру мекемесінің ашылу салтанатына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов қатысты.
Оқу орталығы – жымпитылық кәсіпкер Гүлім Исмағұловаға тиесілі. Жобаның құны – 70 млн. Алашорда көшесінде орын тепкен жаңа мекеме 10 адамға жұмыс ұсынып, 150 баланы түрлі үйірмелерге тегін қабылдамақ.
«ALEM» орталығы жас таланттарға өнерін шыңдауға зор мүмкіндік ұсынады. Әнге құмарлар вокал үйірмесінен сабақ алып, домбыра үйреніп, дәстүрлі әнге әуестене алады. Ал балғын бишілерді тамаша зал мен тәжірибелі хореограф күтеді. Сөз өнеріне бейім балаларға мәнерлеп оқу үйірмесі арқылы дикциясын дамытып, дебат дәрістеріне қатысып, топ алдында дәл әрі дәйекті сөйлеу дағдысын меңгере алады.
Сондай-ақ қолөнер үйірмесі жұмыс жасайды. Дене мен ой еңбегін егіз жетілдіремін дегендер үшін шахмат, асық және үстел теннисі үйірмелері бар.
«АLEM» – балалар үшін даму әлеміне есік ашады.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы