Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы 2024 жылдың қорытындысы бойынша жастар саясатының үздіктерін марапаттады. Сырым ауданы Алғабас ауылдық округінің жастары «Үздік волонтерлік қозғалыс» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Алғабастық жастар жақсылықты марапат алу үшін не аттарын шығару үшін жасамайды. Олар жоққа жанашыр, қайғырғанға демеу, мұқтажға шарапат болғысы келеді.
Мәселен, биыл көктемдегі су тасқыны кезінде аудан орталығына алғашқылардың бірі болып екі жүк көлігімен гуманитарлық көмек жолдады. Бірқатар алғабастықтар Орал қаласын тасқыннан қорғау үшін құм қаптап, жағалау бекіту жұмыстарында жүрді. Жастардың бастамасымен Алғабаста жаңа мешіт салынды. Ауыл зиратының басына контейнер қондырып,керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, Орал қаласындағы қариялар үйінің тұрғындары мен балалар ауылының тәрбиеленушілерінің хәлін білетін, олар үшін игі шаралар ұйымдастыратын да – алғабастықтар.
Лайықты премияны кеше қозғалыстың көшбасшысы Нұрболат Жұмағазиев қабылдап алды.
Айта кетейік, Алғабас ауылдық округінің жастары 2015 жылы, кейін 2017 жылы «Үздік жанашыр жастар» аталымымен марапатталды. Биыл Сырым ауданы әкімдігі тағайындаған «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. Бұл қайырымдылық қозғалысының дәстүрге айналғанын көрсетеді.
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы