25.12.2024, 16:45
Оқылды: 33

Шежіндіктер баспаналы болды

Кейінгі жылдары Тасқала ауданында тұрғын үй мәселесі бойынша ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен көптеген жаңа жоба қолға алынып, тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Шежін (4)

Аудан тұрғындарының үйге деген сұранысын қанағаттандыру және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі бүгінде көрініс тапты. Оның айқын мысалы ретінде аудандағы бес ауылдық округте жаңа тұрғын үйлердің салынып, халық игілігіне берілгенін атап өтуге болады.

Айта кетейік, бұл үйлер «АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында және «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысына сәйкес салынды.

Жалпы биыл ауданда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап 34 пәтер сатып алуға 652 млн 478 мың теңге бөлінген. Сол қаражатқа салынған алғашқы тұрғын үйлер осыған дейін Мерей, Ақтау, Амангелді, Атамекен ауылдарында толықтай пайдалануға берілсе, енді шежіндік ағайын да су жаңа баспананың иесі атанды. Осыған орай Шежін ауылында өткен іс-шарада үй кілттерісалтанатты түрде табыс етілді. Бұл қуанышты оқиғаға куә болып, ауыл тұрғындарының шынайы ризашылығын көріп қайттық.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, аудан әкімінің міндетін атқарушы Рауан Рахметуллин, облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева мен ауыл тұрғындары қатысты.

Олардың әрқайсысы өз лебізін жеткізіп, жаңа үйге қоныс аударған тұрғындарға ізгі тілегін білдірді. Одан әрі сөз алған ауыл ақсақалы Оразғали Балмулдин осындай жобаларды жүзеге асырған азаматтарға алғысын айтып, жерлестерін құттықтап, ақ батасын берді. Шежін ауылында өткен бұл қоныстой – тек жаңа үйлердің пайдалануға берілуі емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған үлкен істің бастамасы.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта да осы бағыттағы жүйелі жұмысты жүргізуді жоспарлап отыр.

Тұрғын үй мәселесі ауданның әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып қала береді. Ауыл тұрғындары үшін жаңа үйлердің пайдалануға берілуі тек қоныс тойын тойлау емес, жаңа мүмкіндіктің ашылуына жол ашады.

Болат Бек

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале