Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің жаңажылдық шырша думаны өтті.
Мерекеге аудан әкімінің орынбасары мен барлық білім беру ордасынан 25 бала қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов оқушылармен сәлемдесіп, көңіл күйлерін сұрап, мерекемен құттықтады.
– Жаңа жылдың ең ғажайып сәтіне де келіп жеттік. Санаулы күндерден кейін жаңа 2025 жыл басталады. Өткен жылда аудан оқушылары білімімен дараланып, көптеген жетістіктерге жетті. Ең бірінші жаңа жылдық шыршаны балалар күтеді. Жүздеріңізге қуаныш сыйлап, жаңа жылдың бөлек те ерек күйін сезіндіре алсақ, үлкен бақыт! Жаңа жылда жетістіктеріңіз көп болсын. Бақытты балалық шақ тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Жүргізушілер жиналған қауымды мерекемен құттықтап, биыл жаңа жыл кеші өзгеше сипатта болатынын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, ең сәнді және қолдан тігілген киіммен келген мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастырылды. Оған ардагер ұстаздар қазылық жасап, соңында
«Үздік жаңа жылдық киім» дайындаған оқушыны анықтады.
Әсем ән мен түрлі мультфильмдегі кейіпкерлерді сомдаған оқушылардың биінен соң балақайлар аяз ата мен ақшақарды шақырып, шыршаны балдай үндерімен жандырды. Қуаныштарында шек болмаған олар жаңа жылға арналған өлең шумақтарын айтты. Мәз-мейрам болып, қызықты ойындар ойнап, бойдағы өнерлерін ортаға салды.
Кеш соңында аудан әкімінің шыршасына қатысқан жиырма бес оқушыға сыйлықтар мен 43 мың теңгелік сертификаттар берілді.
Арнайы киімдерін әдемілеп тігіп, керемет дайындықпен келген оқушылар ортаға шақырылып, үздіктер анықталды.
«Үздік жаңа жылдық киім» аталымымен І орынға Ғ.Қараш атындағы орта мектебінің, ІІ орынға Е.Ниетқалиев атындағы орта мектебінің және ІІІ орынға А.Оразбаева атындағы негізгі орта мектебінің оқушылары марапатталды.
Х.Халиуллин атындағы орта мектебінің оқушысы алғысхатқа ие болды.
Аудандық білім беру бөлімі мен аудандық демалыс орталығы ұйымдастырған әдемі кеш Айшат Айтқалидің орындауында «Аппақ қар» әнімен өз мәресіне жетті.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы