«Адалдық – жарқын болашақтың кепілі» атауымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Бұл күн 2003 жылдың 9 желтоқсанында Меридада (Мексика) өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы Конвенцияға қол қоюымен байланысты аталып өтеді. Осыған орай облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 10 жылдығына арналған оқушылар арасындағы республикалық жас ақындар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары туралы хабардарлығын арттыру, шығармашылық белсенділіктерін көтеру.
Байқауға республика бойынша 181 жұмыс қабылданған. Жас ақындар өз өлеңдерінде жемқорлыққа қарсылығын білдіріп, көркемдік шеберлігін ғана емес, азаматтық ұстанымын да көрсете білген. Байқау қорытындысы бойынша І орынға тасқалалық Қайырлан Қайратұлы лайық деп танылса, ІІ орынды ақтөбелік Нұрсұлу Базарбай мен Абай облысынан Нұрәли Зиятов иеленді, ІІІ орын шымкенттік Нұрсезім Икрам, ақмолалық Даниэль Кабенок және қызылордалық Сағыныш Бүркітбайға бұйырды. Бірнеше оқушы арнайы алғысхаттармен марапатталды. Республикамыздың өзге өңірлерінен қатысқан жүлдегерлердің марапаттары сол өңірдегі департаменттерге жолданған. Сондай-ақ аталмыш іс-шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске елеулі үлес қосқандар да атап өтілді.
Жиын барысында қоғамда, әсіресе өзгерістердің қозғаушы күші болып табылатын жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті одан әрі нығайтудың маңыздылығына баса назар аударылды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл барлық деңгейде – мемлекеттік аппараттан бастап әрбір азаматқа дейін біріккен күш-жігерді талап етеді. Өскелең ұрпақтың бойында адалдық, жауапкершілік және ашықтық қағидаттарын дамыту маңызды, осылайша олар әділ және адал қоғамды қалыптастырудың белсенді қатысушылары болады, – деп атап өтті департамент басшысы Әділхан Сабуров.
Іс-шара жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау құрылымдарының жұмысы ғана емес, әрқайсысымыздың міндетіміз екенін еске салды.
Жанерке Мерекеқызы
zhaikpress.kz