Ел-жұртпен тікелей қарым-қатынаста болатын, «биліктің айнасы» деп танылып жүрген мемлекеттік құрылымның бірі – ішкі істер мекемелері. Тәртіп сақшыларының жағымды имиджін қалыптастыру үшін Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет, Ішкі істер министрлігі тарапынан біраз игілік қолға алынып, іс-шара жүзеге асуда. БҚО ішкі істер департаменті тарапынан ұйымдастырылатын түрлі жиын-шараларға қатысып, өңірімізде де бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынғанының куәсі болып жүрміз. Бірақ осынау реформалардан Қазталов ауданының бас полицейі хабарсыз сияқты.
Газетіміздің өткен санында (№132, 29.10.2016 жыл) «Ойыннан шыққан от» деген тақырыпта мақаламыз жарияланған болатын. Осы мақалаға орай журналистік зерттеу жүргізу барысында Қазталов аудандық ішкі істер бөліміне ат басын бұрған едік.
Барған жұмысымызға полиция басшысының тікелей қатысы болмаса да, қызметтік әдепке сәйкес оған кіріп амандасу және керек мәліметтер алуға ықпал жасауға көмек сұрау мақсатында Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бекбол Ортаевтың қабылдауында болдық. Ол бізді кірген бойда қабағы қатулы күйде, салқын жүзбен қарсы алды. Біз келген жұмысымызды баяндадық. Соған сәйкес БҚО ІІД баспасөз қызметінен Қараоба ауылында болған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде мәлімет алғанымызды айттық. Оқиғаның орын алғанына үш аптадай уақыт болған, осы мерзім аралығында тергеу амалдары қалай жүріп жатқанын білгіміз келетінін жеткіздік. Егер ыңғайы шықса, істі жүргізіп жатқан тергеушімен кездескіміз келетінін де мәлімдедік. Осында келмес бұрын БҚО ІІД баспасөз қызметіне хабарласып, егер мүмкін болса, тиісті мәліметтерді алуға рұқсат алғанымызды да айтып өттік. Б. Ортаев тергеушінің Жалпақталға кеткенін, аталмыш оқиғаға қатысты ешқандай мәлімет бермейтінін айтып, біршараның жүріп жатуына байланысты бізбен отыратын уақытының жоқтығын желеу етіп, одыраңдай сөйлеп, дөрекілеу түрде кабинетін босатуды талап етті. Жеке шаруамызбен келмегенімізді айтып, бізбен мұндай мәнерде сөйлесуі қызметтік әдепке келмейтіндігін ескерттік. Мемлекет басшысы, Ішкі істер министрі еліміздегі кез келген полиция қызметкері дөрекілікке жол бермеу керектігін айтқандығы жөнінде құлағдар еттік. Қажет болса, оның бұл қылығын газетке, тиісті құзырлы органдардың басшыларының атына жазатынымызды да жеткіздік. «Қайда жазсаң, онда жаз, кабинетімді босат!» деп бір кесті. «Жылдар бойы халықтың және тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан облыстық газеттің тілшісіне осындай дөрекілік танытып тұрған полиция басшысы қарапайым адамдармен қалай тілдеседі екен?» деген оймен амалсыздан сыртқа беттедік.
Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшілері де аудандық ішкі істер бөлімімен байланыс нашар екенін айтты. Полицияға қарағанда аудандық прокуратура, сот жариялыққа жете мән береді екен.
— Аудандық газетте қызмет атқару кезінде аудандық ішкі істер бөлімінің он шақты басшысымен серіктес, әріптес ретінде жұмыс істедім. Олардың бәрі де мемлекеттік саясатты түсінетін жандар еді. Бұл полиция басшыларының дөрекілігін көрмек түгілі естіген жоқпын. Ал Б. Ортаевтың мұндай әрекетін естіп жүрмін. Ол осы әрекеті арқылы полицияның, ауданымыздың имиджіне нұқсан келтіріп жүргенін түсіне ме екен? Ертең орынтағынан түскеннен кейін елдің бетіне қалай қарайды? — дейді «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жұмағалиев.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ
«Орал өңірі»