Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Halyk Bank» АҚ БҚО филиалының өкілдерімен волейболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Шараның ашылу салтанатына университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов пен аталмыш банк филиалының директоры Игорь Стексов қатысты.
Алдымен сөз алған жоғары оқу орнының басшысы Асқар Мырзахметұлы жолдастық кездесуге қатысушылар мен жанкүйерлерді жаңа жылдарымен құттықтады. – Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану – әр адам үшін маңызды. Бүгін біздің команда университетпен тұрақты қарым-қатынас орнатқан «Халық банк» қызметкерлерімен жолдастық кездесу өткізуде. Банк ұжымымен достық байланысымыз алдағы уақытта да нығая түседі деген сенімдемін, – деді ректор.
Өз кезегінде банк филиалының директоры, Жәңгір хан университетінің табысты түлегі Игорь Валерьевич университет ұжымының жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ БҚАТУ спорт командасына спорттық киімдер жиынтығын табыстады.
Университеттегі «Сұңқар» спорт клубының директоры Рауан Тұрдалиев мекемелер арасындағы жолдастық кездесу ұдайы өткізілетінін атап өтіп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен «Halyk Bank» АҚ БҚО филиалы арасындағы әріптестік байланыс біраз жылдардан бері жалғасып келеді. Қос тарап жастарды тәрбиелеу және кадрлар даярлау ісінде бірізділікпен жұмыс жасауда. Банк ұжымы университеттегі қаржылық білім беру бағдарламасын белсенді жүзеге асыруға атсалысып келе жатыр. Университет білім алушылары банк филиалында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрсе, олардың көпшілігі бүгінде тұрақты түрде еңбек етуде.
БҚАТУ медиа орталығы