Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жаңа баспаналар салынуда. Былтырғы жылдан бастап Казталов ауданында аталған бағдарлама аясында 142 баспананың іргесі қаланып, иелеріне табысталып жатыр. Бастысы тұрғын үйлердің құрылысын жергілікті ауыл азаматтары жүргізіп, ел игілігіне беруде.
Бүгін, аудан орталығы Казталов ауылы мен ауылдық округке қарасты Қоныс, Бозоба ауылдарында 10 отбасыға 10 баспана кілті табысталды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин, үй құрылысын жүргізген мердігерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа үйлердің кілтін табыстаған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Айта кету керек, Казталов ауылдық округіндегі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын ауыл азаматтары Сисенғали Нығметов, Нұрлыбек Хайруллин, Назарбек Қуанов, Руслан Рахметов, Максим Жукин жүргізді. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары сапалы, бүгінгі заманға сай жасалған.
Тұрғын үйлердің кілтін табыстау шарасында аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин құттықтаса, ауыл ақсақалы Аманғали Ержанов ақ батасын берді. Ауыл тұрғындары атынан жаңа баспана иесі Роман Букушев қуанышымен бөлісіп, қолдау жасаған Президент пен өңір басшына ризашылығын білдірді.
Қарлығаш Туғанова, зейнеткер: — Мен 18 жыл бойы үйім болмай, туысқандарымды паналап келдім. Үй кезегіне тұрып, Президентіміздің тапсырмасына сай бүгін жаңа баспанаға қол жеткіздім. Осындай мүмкіндік туғызған елімізді басқарып отырған азаматтарға алғысым шексіз. Заманымыз тыныш болып, еліміз өсіп, өркендей берсін. Халқымыз аман болсын.
Салтанатты шарадан кейін аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы қоныс тойын тойлап жатқан Роман Букушевтің жаңа үйіне бас сұғып, үй иелерін құттықтады. Үй құрылысын жүргізген мердігер Назарбек Қуанов өз атынан Романның әулетіне сыйлық табыс етті.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы