Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аудандық кіші жүйесін ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіру мақсатында қыс, көктем мезгілдерінде туындайтын төтенше жағдайлар кезінде жүргізілетін жұмыстарға жауапты органдардың, күштер мен құралдардың дайындығы пысықталды.
Былтырғы көктемдегі төтенше жағдай кезінде қызмет еткен 13 мекеме қызметкерлері сап түзеп, бақылау жұмыстарын аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев өзі жүргізді. Тікелей жауапты органдардың қатарында қосымша көмек ретінде жасақталған, нақтырақ айтсақ, былтырғы көктем мезгіліндегі қардың күрт еруінен су басу қаупі туындаған кезеңдерде алдын алу шараларына қатысып, атсалысқан бөлімдер де бар.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №23 өрт сөндіру бекеті, полиция бөлімі, орталық аурухана, Шыңғырлау ауылдық округі аппараты, «Шыңғырлау Комтехсервис», «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімшесі, газ учаскесі, «БҚО электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ аудандық филиалы, санитарлық-эпидемиологиялық стансасы, ветеринариялық станция, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлері адам күші, техникалары, құрал-жабдықтарының саны, сапасы, биылғы жылға дайындықтары бойынша есеп беріп өтті. Өз кезегінде аудан басшысы әр органның жағдайымен жеке-жеке танысып, қажеттілігі бойынша тапсырмалар берді.
Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру, кез келген төтенше жағдайдан шығуға сақадай сай болу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапты органдардың басты миссиясы. Өткен жылы ел бойынша орын алған жағдайды қаперге ала отырып, әрекет етуге дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Жоғарыда аталған мекеме, бөлімдер тиісті шараларды атқарып, алдын алу жұмыстарын ерте қамдай бермек.
Әсел Әлім,
Шыңғырлау ауданы