17.01.2025, 20:30
Оқылды: 47

«Өңірде баспаналы болған тұрғындардың саны артуда» - Бақытжан Нарымбетов

Елімізде халықты баспанамен қамтуда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, кез келген қазақстандық тұрғын  ҚР  Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарламамен, ҚР Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасымен, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан  немесе жеке тұрғын үй қорынан, жергілікті атқарушы құрылым жалдаған тұрғын үйлермен қамтамасыз ету қарастырылған.

Жп Құрылыс жп 2

Тұрғын үй кезегінде де бірнеше санаттың ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар басымдыққа ие. Атап айтсақ, бұл санатқа бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа жетпеген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапатын немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 588 адам пәтермен қамтамасыз етілді, соның  556-сы табысы-кірісі аз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар санатына кіреді.

Өңірімізде 2025 жылғы 1 қаңтар жағдайында тұрғын үй кезегінде 31 877 адам тұр, соның  19 210-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.

Айта кететін жәйт, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға  әкімдіктер баспана сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Тұрғын үй сертификатын беруге Орал қаласы және аудандарға жергілікті бюджеттен 2024 жылы – 470 млн теңге бөлінсе,  биыл  290 млн теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты» дегені белгілі. Соған орай нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асырылатынын атап өткен болатын.

Иә, баспананың адам өміріндегі маңызы туралы айтып жатудың өзі артық.  Кейінгі жылдары облыста жаңа баспанаға ие болған тұрғындардың саны да артты. Болашақта да қоныс тойын тойлаған өңір тұрғындарының қатарын көбейту үшін барлық бағытта жұмыстар жүргізіле беретін болады.

Бақытжан Нарымбетов,

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале