21.01.2025, 14:45
Оқылды: 58

Бөрлі ауданы: Үш тілді меңгерген үздік ұстаз

Бөрлі ауданында білім саласына қарқынды дамып келеді. Оқушылардың заманға сай білім алуы басты назарда. Сонымен қатар сана сәулеткерлерінің қатарын толықтырған жас ұстаздардың да алаңсыз сабақ беріп, жан-жақты өзін дамытуы үшін барлық жағдай жасалған десек артық айтқанымыз емес. Қазіргі уақытта ауданымыз бойынша жас мамандардың қатары толығып, олар биік белестерден табылып, жетістікке қол жеткізіп жатыр. Солардың алдыңғы қатарында Ақсай қаласы №8 ЖОББМ ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгерім Талғатқызы бар. Бүгінгі күні түрлі сайыстарда үздік орындарды еншілеп, мықтылардың сапынан табылып жүрген Бөрлі ауданының «Үздік жас ұстаз – 2024» номинациясының иегерімен шағын сұқбат жасадық.

Үш тілді меңгерген үздік ұстаз 1

Лұқпанова Айгерім Талғатқызы 2016 жылы Пугачев орта білім беретін мектебін «Үздік аттестатпен» бітірдім. Мектепте белсенді болдым және мектеп президенті қызметін атқардым. Сол жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алған. Университет қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, «Достық» клубының төрайымы және студенттік декан болған. Озат оқу үлгерімім мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті стипендиясының иегері атанған. 2020 жылы университетті қызыл дипломмен аяқтаған. Орал қаласындағы №24 орта білім беретін мектебінде басталған еңбек жолын, 2021 жылдан бастап  Ақсай қаласындағы №8 орта білім беретін мектепте жалғастырды. 2022 жылдан бастап тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарды. Мектепшілік «Жігер» дебат клубының жетекшісі. Осы жылы аудандық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша үздік атанса, осы сайыстың облыстық  кезеңінде үшінші орын иегері болды.  «Жас STAR» жас мамандар байқауында мықтылығын танытып, бірінші орынға қол жеткізді. Бөрлі ауданының «Жыл үздігі 2024» жастар сыйлығы байқауының «Үздік жас ұстаз» номинациясының иегері атанды. Онымен қосы оқушылары аудандық, облыстық  сайыстардың жүлдері атанып, үздіктер қатарынан табылып келеді. Үш тілді жетік меңгерген үздік жас ұстаздардың бірі.

- Ұстаз мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Жаңа заманның ұстазы болу қаншалықты қиын?

-Ұстаз мамандығын таңдауыма, ең алдымен, бала кезімнен ағылшын тіліне деген қызығушылығым себеп болды. Оқушы кезімде тіл үйренудің қызығы мен қиындығын сезіндім, сондықтан басқа оқушыларға осы тілді үйренуге көмектескім келді. Сонымен қатар, білім беру саласында жұмыс істеу арқылы қоғамға үлес қосу мүмкіндігі ерекше шабыттандырды. Жаңа заманның ұстазы болу оңай емес, себебі заман талабына сай білім беру технологияларын меңгеру, оқушылардың әртүрлі қажеттіліктерін ескеру, және олардың дамуына үздіксіз қолдау көрсету қажет. Сонымен бірге, ұстаздар тек білім беруші емес, тәрбиеші де болғандықтан, жауапкершілік жүгі арта түседі.

Жасанды интеллектті сабақта жиі пайдаланасыз ба? Оның пайдасы мен зияны қандай деп ойлайсыз?

-Жасанды интеллектті сабақта жиі қолданамын, әсіресе тыңдау, оқу және жазу дағдыларын дамыту үшін түрлі интерактивті тапсырмалар жасауға көмектеседі. Оның пайдасы көп: ол оқушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес материалдарды бейімдеуге, білім беру процесін жекелендіруге және уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, зиянды жағы да бар. Егер оқушылар тапсырмалардың барлық жауаптарды технологиядан іздей берсе, өздігінен ойлау және талдау қабілеттерінің төмендеуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектті орынды әрі үйлесімді қолдану маңызды.

-Үш тілде еркін сөйлеу қаншалықты тиімді? Кітаптарды қай тілде, қандай жанрда көп оқисыз?

-Үш тілде еркін сөйлеу үлкен артықшылық береді. Бұл басқа мәдениеттерді жақсырақ түсінуге, түрлі ақпарат көздеріне қол жеткізуге және кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге көмектеседі. Кітаптарды көбінесе ағылшын тілінде оқимын, себебі бұл тілді дамытуға көмектеседі. Көркем әдебиеттен басқа ғылыми-фантастика, мотивациялық және кәсіби даму тақырыптарындағы кітаптарды ұнатамын. Қазақ және орыс тілдерінде де әдеби шығармаларды жиі оқимын.

-Бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушының айырмашылығы қандай?

-Бұрынғы оқушыларға қарағанда қазіргі оқушылар технологияға бейім және ақпаратты тез қабылдайды. Олар интернет пен әлеуметтік желілерді жақсы меңгерген, сол арқылы білімді тезірек игере алады. Дегенмен, қазіргі оқушылардың зейінді дұрыс  қоймағандықтан оқу қабілеті төмендеуі мүмкін. Себебі олар ақпараттың көптігінен жылдам назарын аударады. Бұрынғы оқушылар көбіне кітаптан және мұғалімнен алған білімге сүйенсе, қазіргі оқушылар көп жағдайда онлайн ресурстарды пайдаланады.

Үш тілді меңгерген үздік ұстаз 2

-Сізге таңдау кері қайта берілсе осы мамандықты таңдар ма едіңіз? Әлде басқа салаға барасыз ба?

-Егер маған таңдау қайта берілсе, мен осы мамандықты тағы да таңдар едім. Ұстаздық маған рухани байлық сыйлайды және өзімді дамытуға мүмкіндік береді. Басқа салалар қызықтырса да, білім беру саласындағы жұмысымның қоғамға пайдасы мол екенін сезінемін. Бұл салада жұмыс істеу арқылы мен өзімнің өмірлік мақсатымды жүзеге асырып жүрмін.

-Айгерім Талғатқызы сұқбатыңыз үшін рахмет! Сізге тек сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале