21.01.2025, 17:45
Оқылды: 28

Перзенті сеп болған берекелі бастама 

Үй шаруасында тынымсыз тірлік жасап, өзінің миссиясын білген, өзін жоғалтпаған  Әйел-Аналарымызды көріп еріксіз қуанасың. Бүгінде түрлі ақпаратқа тұсау бола алмай жатқан заманда әрбірінің жетегіне ілесіп, тұрмыстағы тірлігінен шаршап, адасып жүрген аналар қаншама?! Қарапайым ауылда отырып-ақ қоғаммен қатар өмір сүру үшін, мақсатына жету үшін, балалары үшін ізденіп, адалынан еңбек етіп, табыстың көзін табуға болады.  Сондай еңбекқор, шебер аналарымыздың бірі әрі бірегейі Айгүл Иманқұлова.

image-21-01-25-03-43-2

Қошанкөлдік Айгүл – ауданымызда изолоннан гүлшам жасап жүрген алғашқы шебер десек те болады. Оның мына көздің жауын алатын әсем гүлдері —  той-думанның көркі, мерекелік кештердің сәні. Айгүл әпкеміз  жасаған гүлшамдар — кез-келген отбасылық мерекеге, кез- келген мейрамға тамаша тарту.

image-21-01-25-03-43-3

Гүл — сұлулықтың, әдеміліктің, әсемдіктің символы. Әрине, тарту, сыйға табиғи гүл алу — әр қыз-келіншектің қалауы. Әйткенмен де тірі гүлдің ғұмыры ұзаққа созыла бермейтіні өкінішті. «Сол себепті қазір сән әлемінде де, сыйлықтар беру дәстүрінде де жасанды гүлдерге тапсырыс арта түседі» дейді біздің кейіпкеріміз. Айгүл әпкеміздің әзірлеген гүлдердің әсемдігі соншалықты — табиғи гүлден айырмасы аз. Жарық беретін қасиетке ие гүлдерге деген көпшіліктің сұранысының артуы содан. Бүгінде шебердің  туындылары мереке қарсаңында тапсырыс әдеттегіден бірнеше есе арта түседі.

image-21-01-25-03-43-4

- Мектепті сол туған жерім Жосалыдан  бітіріп, Ақтөбе қаласына темір жол саласына оқуға түстім. Түрлі жұмыста өзімді байқап жұмыс жасадым. Ательеге жұмысқа кіріп, тапсырысқа  жабын тігіп жүрдім. Содан 2011 жылы Ордабайға келін болып түстім. Жолдасым Исатай екеуміз үйдегі шағын малымызды көбейтіп отырған үй шаруасындағы қарапайым жандармыз, -деп бұл істі қалай бастағанын тілге тиек етті.

image-21-01-25-03-43-1

-Алғашында кәсіп көзі ретінде бастау ойымда да болмады. Осындай әсем дүниелердің өмірге келуіне қызым Айназым себепкер болды. Бірде Айназым мектепке әдемі гүл керек деп қолқа салды. Әрине, анасы ретінде оның өтінішін орындағым келді. Жасаған дүнием өзіме де, өзгелерге де ұнай бастады. Содан тағы бір туындым дүниеге келді. Әу-баста көйлектер тігіп, түрлі дүниелер жасайтынмын. Көп нәрсеге қызым себепкер. Қызыма қажеттінің бәрі өз қолымнан шығады. Бұл кәсіпті бастағаныма 3-4 жылдай болды.  Алғашында гофра қағазынан декоративті гүлдер жасайтынмын. Сөйтіп жүріп, одан да әдемі туынды шығару үшін іздене бастадым. Сол кезде изолоннан жасалған гүлдердің ерекше тартымдылығын, ұзаққа жарамдылығын, аса көп күтімді қажет етпейтінін білдім. Содан Шымкенттен  изолон материалына тапсырыс бердім. Бұндай материал біздің жақтан жоқтың-қасы. Содан мені изолон деген не, оның қасиеті, ерекшеліктері қызықтыра бастады. Изолон көптеген ерекшелікке ие. Бастысы - экологиялық жағынан мүлде қауіпсіз.

image-21-01-25-03-43

Аллергия тудырмайды. Жану кезінде одан улы заттар бөлінбейді. Материалдың бұл түрінен салтанатты шараларды безендіретін гүлдермен бірге түрлі сыйлықтар, әсіресе, шырақтар әзірлеуге болатынын білдім. Мен жасайтын өнім әрі шырақшам, әрі гүл болмақ. Сыйлық беру дәстүрінде екеуіне де сұраныс көп. Шырақшам талай үйге сәуле шашып,  жылылық, жайлылық, қуаныш сыйлады. Сөйтіп, шырақшам жасауға бекіндім. Содан кейін «Гүлді жасауын жасармын, бірақ оған электр жүйесін қалай жүргіземін» деген сұрақ туды. Тағы да интернет сайттарын, әлеуметтік желілерді қарай бастадым. Әсіресе, ток қалай өткізілетініне мән бердім. Жұмыстың дайындау ұзақтығы тапсырыстың көлеміне байланысты.  Қозғалмай отырсаң бір күнде бітеді, бірақ үй шаруасымен жүрген көп отыра алмаймын ғой. Бүкіл шаруаны тындырып кешкісін асықпай жасаймын. Туындыларымды  алдын ала дайындап қоямын. Тапсырыс берушінің талғамына сай жасап беремін, -дейді шебер ана.

Иә, қаршадай Айназымның,  ісі мен сөзі келіскен, мақсаты айқын шебер анасының берекелі іс бастаудағы бастамасы көпшілігімізге үлгі болмақ.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале