Елімізде 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Біздің «Жұмысшы мамандықтар жылы» айдарының кезекті кейіпкері Бостандық ауылдық округінің тұрғыны еңбекқор, құрылысшы, бағбан Еркін Жасқайратұлы Насыров.
Напақасын адал еңбегімен тапқан бұл азаматты Сарыөзен бойында бақша егіп жүрген уақытынан жақсы танимыз. Уақытпен санаспай жұмыс жасайтын ағамыз сол бақшасында көкөністермен қатар тал-теректердің тұқымын егіп, шығарғанын да көзімізбен көрдік.
Еркін Жасқайратұлы 1971 жылы Бостандық ауылында туған. Туған ауылында мектеп қабырғасынан аттап, оқуын бітіргесін осы ауылдан әскер қатарына алынды. Совет Армиясында әскери борышын өтегеннен кейін, қайта туған ауылына келіп, 1992-1997 жылдары құрылыс саласында аянбай еңбек етті. 1997 жылдан 2014 жылға дейін Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметінде болды. 2014 жылдан бастап қайта құрылыспен айналысты, бау-бақша екті. 2022 жылдан бері ауылда балық өсіруді қолға алған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қандай іс бастаса да тиянақты әрі нәтижелі жасайтын Еркін Жасқайратұлының еңбекқорлығы бүгінгі жастарға үлгі. Ауылда үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға арналып салынған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына да Еркін Насыровтың еңбегі зор.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде ол қара жұмыстан қаймықпай, құрылыс саласында еңбек етті. Бүгінгі күнде де қарап отырмай, кәсіп жасап, нәпақасын адал тауып жүр. Адамды адам еткен еңбек. Бірден жалақысы жоғары жұмыс іздейтін жастар осыны түсінуі керек! Ерінбейтін Еркіннің еңбегі еселеніп, елене берсін!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы